Павлодар жағалауында өңір тарихына арналған мозаикалық панно ашылды

Павлодар жағалауында өңір тарихына арналған мозаикалық панно ашылды
Фото: Константин Шелков

Арт-нысанды жасауға кәсіби шеберлермен бірге қала тұрғындары да қатысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Хасар Хабылбековтың мәліметінше, туындыда сақ және қимақ дәуірінің өрнектері арқылы өңірдің тарихи сабақтастығы көрініс тапқан.

Шаһар басшысы панно авторларымен кездесіп, қаланы көркейтуге қосқан үлесі үшін оларға Алғыс хат табыстады.

– Былтыр қыста Татьяна маған хабарлама жазып, кейін кездескен едік. Сол бір хабарламаның арқасында қалаға өз қолымен жасалған осындай ерекше сый пайда болды, – деді қала әкімі.

Жоба авторы Татьяна өз кезегінде бастаманы қолдағаны үшін қала басшылығына ризашылығын білдірді.

– Көптеген павлодарлықтар қасымыздан өтіп бара жатып, мозаиканың бөлшектерін жапсыруға өз үлесін қосты. Сондықтан бұл жұмысты халықтық мозаика деуге болады, – деді ол.

Автордың айтуынша, болашақта композиция көшпенділердің тұрмысын бейнелейтін жаңа элементтермен толықтырылуы мүмкін.

Кездесу соңында Хасар Хабылбеков мозаика авторларына қаланы көркейтуге қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстап, алдағы уақытта да осындай шығармашылық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Еске салайық, Павлодар қаласының күні қарсаңында Ертіс жағалауында қазақтың дәстүрлі кілемі үлгісінде жасалған алып мозаикалық панноның негізгі бөлігі аяқталған болатын. Жоба авторлары кейін композицияны толық аяқтап, демалыс аймағын жаңа арт-нысанмен толықтыруды жоспарлаған еді.