Павлодарда Аймауытовтың 135 жылдығына арналған конференция ұйымдастырылды
Оған зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада алаш қайраткері, публицист, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ар алдаспаны Аймауытов» атты республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі, Ертіс-Баян өңірінің тумасы Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерейтойына орай арналған іс-шараның ұйымдастырушылары – Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.
Конференция жұмысына КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, Жүсіпбек Аймауытовтың шөбересі (жиеншары) Павел Аймауытов және жүсіпбектанушы ғалымдар мен қаламгерлер, театр саласының майталмандары қатысты.
Іс-шарада Алаш қайраткерінің Қазақ театр өнеріне енгізген жаңашылдығы, драматургиядағы шығармашылық қыры, тұлғаның өміріне қатысты тың мәліметтер баяндалып, жүсіпбектану мәселелері талқыланады.
– Қазіргі қоғам кітап оқымайды деген оймен толық келісемін. Демек, осы орайда театрдың еңбегі – ерекше. Оқымаған адамға сол шығарманы сахналау – оңай емес. Театрда прозалық шығармаларды сомдау – өте маңызды. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылу керек. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» шығармасы – бүгінгі күннің өзекті мәселесін көрсететін, ой тудыратын шығарма, – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, фестивальдегі қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек.
Оның айтуынша, кітапта жазылған прозаны сахнада толыққанды сомдау, шығарманың мазмұнын ашу көп еңбекті талап етеді.
Жүсіпбек Аймауытовты психологияны игергені сонша – қазақ әдебиетіне, соның ішінде проза жанрына психологиялық иірімдер әкелген алғашқы жазушы. «Ақбілек» романында жазушы психологиялық постмодернизмді, психологиялық параллеизм мен психологиялық образдарды шебер пайдалана білді. Әдебиеттанушылар бұл романды қазақтың алғашқы психологиялық романы дейді. Шығарманың басты кейіпкері Ақбілектің ішкі психологиялық арпалысы, қайғы-мұңы мен үрей-қорқынышын психологиялық суреттеу арқылы тамаша жеткізе білді.
Сондай-ақ, аталмыш конференцияда КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов «Қазақ театры: кеше мен бүгіннің сабақтастығы» тақырыбында, өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс «Ж.Аймауытов – қазақ театр режиссурасының негізін салушы» тақырыбында, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, фестивальдегі қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек «Ж.Аймауытов шығармалары – қазақ театрлары сахналарында», филология ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университеті Үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, жүсіпбектанушы ғалым Айман Зейнулина «Ұлттық сахна өнерінің көшбасшысы» тақырыбында, экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Еуразиялық халықаралық журналистика академиясының академигі, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Мұхит Омаров «Ж.Аймауытов – ұлттық театр өнерінің шамшырағы» тақырыбында, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақбеттау» журналының редакторы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сайлау Байбосын «Ж.Аймауытовтың өмірімен байланысты белгісіз жайттар» тақырыбында, Ж.Аймауытовтың аталас туысы, баянауылдық өлкетанушы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Рамазан Нұрғалиев «Жүсіпбек туған Қызылтау өлкесі» тақырыбында, Жүсіпбек Аймауытовтың шөбересі (жиеншары) Павел Аймауытов «Бектұр Аймауытов туралы естеліктер» тақырыбында баяндама жасады.
Айта кетейік, 20-25 қыркүйек күндері Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай Павлодарда алғаш рет «Ертіс Баян» І республикалық театрлар фестивалі ұйымдастырылады.