Павлодарда экологиялық заңнама талаптарын бұзған кәсіпорындар айыппұл арқалады

Павлодарда экологиялық заңнама талаптарын бұзған кәсіпорындар айыппұл арқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Экология департаменті жүргізген бақылау барысында рұқсатсыз эмиссиялар мен белгіленген лимиттердің сақталмауы сияқты негізгі бұзушылықтар тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, 2026 жылы департамент қызметкерлері 31 тексеру жүргізді. Оның ішінде 13 жоспардан тыс тексеру, 10 келумен кәсіби бақылау және 8 талаптарға сәйкестік тексеруі өткізілген. Тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 31 бұзушылығы анықталды.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 28 ұйғарым беріліп, оның 19-ы орындалған. Қалған тоғыз ұйғарым қазіргі уақытта орындалу сатысында, орындау мерзімі әлі аяқталмаған.

Экологиялық бақылау қорытындысы бойынша 2026 жылы департамент жалпы сомасы 225 миллион теңгеден асатын 15 әкімшілік айыппұл салды. Оның ішінде 17 миллионнан астамы өндірілді.

Негізгі заңбұзушылықтардың бірі Қазхром трансұлттық компаниясы АҚ-ның Ақсу ферроқорытпа зауытында анықталды. Тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының төрт бірдей бұзушылығы тіркелген.

– 2025 жылдың бірінші және екінші тоқсандарында кәсіпорын экологиялық рұқсатсыз ластаушы заттардың шығарындыларын жүзеге асырған. Сонымен қатар, РОК-2 қазандығы бойынша атмосфераға шығарылатын эмиссияларға белгіленген лимиттердің болмағаны анықталды. Өткен жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша табиғат қорғау прокуратурасының қаулысы негізінде кәсіпорынға 854 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Әсет Сыздықов. 

Сонымен қатар, 2025 жылдың екінші тоқсанындағы эмиссиялар үшін биыл жүргізілген тексеру аясында қосымша 207 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Кәсіпорын тексеру нәтижелері мен әкімшілік жазаға шағымдануға құқылы.

Еске салайық, 2025 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Павлодар облысының әкімдігі «Павлодар облысының 2025-2029 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасын» бекітті.

Жол картасы 23 іс-шарадан тұрады және төрт негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, атмосфераға ластаушы заттардың эмиссиясын қысқарту, қалдықтарды басқару, көгалдандыру және су ресурстарын реттеу бағыттары қарастырылған.

Айта кетерлігі, Павлодар облысының аумағында республикадағы ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қатарына кіретін 10 өндіріс орны жұмыс істейді. Олардың өндірістік қызметі қоршаған ортаға, әсіресе атмосфералық ауаға айтарлықтай салмақ түсіреді.

Өңірдегі атмосфералық ауаға таралатын ластаушы заттардың негізгі бөлігі облыстың үш қаласында орналасқан өнеркәсіп кәсіпорындарына тиесілі. Нақты шығарындылардың 46,5 пайызы Екібастұз қаласында қалыптасса, Ақсу қаласының үлесі – 27,07 пайыз, Павлодар қаласының үлесі – 25,2 пайызды құрайды. 

2025 жылға арналған облыс бойынша шығарындылардың жалпы лимиті 901,5 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 25,17 мың тоннаға төмендеген.

Сонымен қатар, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары жыл сайын атмосфераға 700 мың тоннадан астам ластаушы зат шығарады. Дегенмен соңғы жылдары нақты эмиссия көлемінің төмендеуі байқалады.