Павлодар әуежайы қашан ашылады? Облыс әкімі нақты мерзімді атады
Асайын Байханов жөндеу жұмыстарының жайын түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар тұрғындары мен өңірге жиі қатынайтын жолаушылар әуежайдың қайта ашылуын тағатсыздана күтуде. Әлеуметтік желіде бұл мәселе қызу талқыланып, тұрғындар сапар барысында кездесетін қиындықтарды ашық айтуда.
Threads желісін қолданушы Павлодардан Алматыға дейінгі сапардың қазіргі таңда айтарлықтай қолайсыз екенін жазды. Оның айтуынша, тікелей рейстердің болмауына байланысты Павлодар – Астана – Алматы бағытымен қатынауға тура келеді. Соның салдарынан пойыздың кешігуі, рейстердің кейінге шегерілуі және қайта-қайта тіркеуден өту сияқты қиындықтар туындап, небәрі бір жарым сағаттық ұшудың орнына жолға он сағаттан астам уақыт жұмсалады.
– Павлодарды қатты жақсы көремін және тамызда әуежайдың ашылуын өте қатты күтіп жүрмін. Бір жарым сағаттық ұшудың орнына он сағаттан астам жол жүру жүйкені тоздырып, адамды әбігер салады. Павлодар, мен саған сенемін, – деп жазды ол.
Бұл пікірге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жауап беріп, әуежайдың не себепті жабылғанын түсіндірді.
Өңір басшысының айтуынша, әуежай аэровокзал ғимаратының жөндеуіне емес, ең алдымен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты уақытша жабылған.
– Ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталады. Алайда одан кейін қабылдау рәсімдері мен арнайы комиссияның тексеруі жүргізіледі. Бұл жұмыстар 10-20 күнге дейін созылуы мүмкін, өйткені ұшу қауіпсіздігіне қойылатын талаптар өте жоғары. Рейстердің нақты ашылатын мерзімі шілде айының соңында белгілі болады, – деді облыс әкімі.
Осылайша, Павлодар әуежайының жұмысы жөндеу аяқталғаннан кейін емес, барлық техникалық және қауіпсіздік талаптары толық орындалғаннан кейін ғана қайта жанданады.
Әзірге тұрғындар мен өңір қонақтарына балама бағыттарды пайдалануға тура келеді. Дегенмен облыс басшылығының мәліметінше, жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде және Павлодар әуежайы жақын арада қайтадан жолаушыларға қызмет көрсете бастайды.
Еске сала кетейік, құрылыс алаңында 112 маман мен 43 бірлік техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы мен бұрылу алаңында деформациялық жіктерді орнату және асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары жалғасуда.