Былтыр Павлодар облысында фермерлерге қандай көмек көрсетілді?
2023 жыл фермерлер үшін құрғақ ауа райына байланысты қиын болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Ауыл шаруашылығы – маңызды салалардың бірі, өйткені бұл сала - халықты барынша азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Тұрғындарымыздың ауыл өндірісінде аянбай еңбек етуінің арқасында бұл сала сапалы түрде өзгерді, – деді облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram парақшасындағы бейне-есепте.
Былтыр фермерлерді қолдау бойынша мүмкіндігінше барлық шаралар қабылданды:
- Бірінші – жем дайындау кезінде шығындардың құнын арзандату үшін бюджеттен үш миллиард теңге бөлінді, 1,5 мыңнан астам шаруашылық иесі мемлекеттік қолдауға ие болды.
- Екінші – арзандатылған дизель отынының көлемі 2,5 есеге, яғни 4-тен 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.
- Үшінші – шөп дайындау үшін мемлекеттік орман қоры жерінен қосымша 25 мың гектар шабындық алқап бөлінді.
- Төртінші – «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан бес мың тонна көлемінде жемдік астықтың өңірлік «Тұрақтандыру қоры» құрылды.
- Бесінші – республикалық бюджеттен тұқымдарды, пестицидтерді, минералды тыңайтқыштарды, мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға қосымша 6,8 миллиард теңге бөлінді.
- Алтыншы – облыстың 38 шаруашылығына құрғақшылық салдарынан 1,3 миллиард теңге сомаға сақтандыру төлемдері берілді.
- Жетінші – 154 фермер несие қарыздарын ұзартуға және реструктуризацияға рұқсат алды.
Жалпы, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 95 миллиард теңге, оның 40 миллиард теңгесі – субсидияларға, 55 миллиард теңгесі облыстың 1,5 мың фермеріне жеңілдікпен несие беруге жұмсалды.
Мұның барлығы 25-тен астам жаңа жобаны іске асырудың нәтижесінде инвестиция көлемін 153 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ бүгінде облыс 22% пайыз картоп және 36% пайыз сәбіз өндіруде.
Еліміздегі жарма өндірісінің 24% пайызы және қарақұмық жармасының 72% пайызы – біздің облысқа тиесілі.