Павлодар әуежайының қашан ашылатыны белгілі болды

Павлодар әуежайының қашан ашылатыны белгілі болды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары 60%-дан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты.

Бүгінде нысандағы жұмыстардың 60% астамы орындалды. Құрылыс алаңында 112 маман мен 43 бірлік техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы мен бұрылу алаңында деформациялық жіктерді орнату және асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары жалғасуда.

Нысанды аралау барысында өңір басшысы бұл жобаның көлік инфрақұрылымын дамыту үшін ғана емес, уақытша әуе қатынасынсыз қалған облыс тұрғындары үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

- Әуе рейстерінің уақытша тоқтатылуына байланысты тұрғындарға қолайсыз болып отырғанын түсінеміз. Алайда бұл жоба - қауіпсіздікке, заманауи инфрақұрылымға және өңірдің болашағына салынған инвестиция. Әуежайдағы жұмыстар белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы тиіс, - деді Асайын Байханов.

Өңір басшысы жұмыс кестесінің сақталуын бақылауды күшейтуді және әуеайлақты сертификаттаудың барлық кезеңінен сапалы өтуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Құрылыс жұмыстарын шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Іске қосу-баптау жұмыстары мен сертификаттау рәсімдері жүргізілгеннен кейін әуежайды пайдалануға беру ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған.