Павлодарлық актерлер Мәскеуде өткен фестивальден алған әсерлерімен бөлісті

Павлодарлық актерлер Мәскеуде өткен фестивальден алған әсерлерімен бөлісті
Фото: Есенжол Исабек

Жергілікті актерлар Мәскеу облысының Мытищи қаласында өткен Халықаралық фестивальге қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры Халықаралық «Подмосковные вечера» фестивалінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымын ұсынды. 

– Бұл байқаудың дәрежесі  жергілікті, республикалық фестивальдерден қарағанда өтке жоғары деп айтуға болады. Аталмыш байқауда қазақ театрының алға жылжып, қозғалыста келе жатқанын көрсете алдық деп ойлаймын. Сондай-ақ, қойылатын спектакльді ұйымдастырушылардың өздері таңдап алды, – дейді театр актеры Әмірхан Жасұлан. 

Ол мәскеулік театр қызметкерлері жерлестерімізді жаңашылдықпен таң қалдырғанын атап өтті. 

– Расымен де өзгешелік байқалды. Алайда мен біздің сыншыларға күйе жақпаймын. Олардың өзгешелігі – басқаша талдауда. Олар қойылымнан кейін барлық актерларды жинап, пікірталас өткізіп, қойылымды талдайды, – дейді театр қызметкері Нұркен Тұрлыбек. 

26 қазан - 2 қараша аралығында «ФЕСТ» драма және комедия театрының сахнасында «Подмосковные вечера» атты VII Халықаралық театр фестивалі афишасында Пермь, Мәскеу, Нижний Новгород, Вологда, Челнов, Буинск, Мытищи, Санкт-Петербург, Челябинск, Петрозаводск, Павлодар (Қазақстан) театрларының 13 қойылымы көрсетіледі. Фестивальдің ұйымдастыру комитетіне қатысуға барлығы 300-ден астам өтінім түскен.

Еске сала кетейік, Мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiнде павлодарлық театр Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклімен қатысып, «Үздік режиссер» номианциясында жеңіске жетті. Театр ұжымына 1 миллион 500 мың теңге табысталды.