Павлодардағы жоғары оқу орындарының бірінде жаңартылған инженерлік аудитория ашылды
Инвестор ретінде RWS KZ холдингі қолдау көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда Торайғыров университетінің базасында жаңартылған «Railways Systems KZ» мамандандырылған аудиториясы ашылды. Оны жаңғыртуға жоғары оқу орнының индустриялық серіктесі 36 миллион теңге бөлген. Холдингпен ынтымақтастық орнаған уақыттан бері оның кәсіпорындарына университеттің 226 түлегі жұмысқа орналасқан.
Аудитория интерактивті мінбермен жабдықталған. Оның құрамында экран, ноутбук, микрофон және жазу жүйесі бар. Бұл оқытушыларға презентациялар мен техникалық материалдарды көрсетуге, интерактивті панельмен жұмыс істеуге және бейнебайланыс арқылы сабақ өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнда әртүрлі типтегі және өлшемдегі теміржол дөңгелектерінің үлгілері, вагон модельдері, рельс бекітпелерінің элементтері орнатылған темірбетон шпалы қойылған. Ақпараттық стендтер жаңартылып, зертхана жабдықталған.
Жаңа оқу кеңістігі болашақ инженерлердің практикалық даярлығына арналған. Мұнда бакалавриаттың тоғыз, магистратураның төрт және докторантураның екі пәні бойынша сабақтар өтеді. Олардың қатарында машина жасау технологиясы, кері инженерия, станоктарды жобалау, металл кесетін құралдар, өнім сапасын бақылау және ERP жүйелерін қолдану бағыттары бар.

Студенттер сызбалармен және цифрлық модельдермен жұмыс істеп, бөлшектерді өңдеудің технологиялық маршруттарын әзірлей алады, жабдықтар мен құралдарды таңдап, дайын бұйымдардың дәлдігін бақылау әдістерін меңгереді. Бұл дағдылар, атап айтқанда, «Сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктардың операторы» микробіліктілігін игеру кезінде қажет болады. Ал магистранттар мен докторанттар бұл алаңды ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобаларын таныстыру үшін пайдалана алады.
Торайғыров университеті мен RWS KZ арасындағы ынтымақтастық 2018 жылы басталған. Сол кезде факультет базасында өнім үлгілері, жабдық макеттері және ақпараттық стендтер қойылған алғашқы мамандандырылған аудитория ашылды. Өткен жылдары холдингтің өндірістік қуаты кеңейіп, жаңа технологиялар мен жабдықтар енгізілгендіктен, оқу кеңістігін толығымен жаңарту туралы шешім қабылданған.

Бүгінде университет пен компания арасындағы байланыс оқу сабақтарымен ғана шектелмейді. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, дуальды білім беру жүйесі бойынша холдинг кәсіпорындарында тікелей білім алады. Торайғыров университетінің түлектерінің жалпы санының ішінде 77 адам тұтас илемделген дөңгелектер шығаратын кәсіпорында еңбек етеді.
– Өнеркәсіп туралы айтқанда, көбінесе өндірісті, жабдықтар мен технологияларды елестетеміз. Алайда осының барлығының артында әрдайым адамдар тұрады. Теміржол машина жасау саласы – инженерия, технология, логистика, басқару және экономика тоғысқан күрделі жүйе. Оны дамыту үшін әртүрлі бағыттағы мамандар қажет. Олардың қатарында стандарттан тыс ойлай алатын, жаңа міндеттерден қорықпайтын және үнемі білім алуға дайын жастар да бар, – деді Railways Systems Holding бас директорының бірінші орынбасары Роман Павлингер.
Компания өкілдерінің айтуынша, университетпен ынтымақтастық өндірістің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, мамандар даярлауға және болашақ кадрлық резервті алдын ала қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте холдинг кәсіпорындарына тек машина жасау инженерлері ғана емес, металлургия саласының мамандары да қажет.
Іс-шара соңында Торайғыров университеті инженерия факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты Абылай Жүнісов серіктестерге студенттерге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да ынтымақтастық болашақ инженерлердің білім сапасын арттыруға және олардың табысты жұмысқа орналасуына ықпал ететініне сенім білдірді.
