Павлодарда Құрылтай сайлауында басқа қаладан келгендер қалай дауыс береді?
Іссапарға немесе басқа себеппен өз қаласынан тыс жерде болатын азаматтар не істеуі керек екенін аумақтық сайлау комиссиясы айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Бұл күні іссапарда жүрген қазақстандықтар еліміздің кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Алайда ол үшін дауыс беру құқығын беретін куәлік (есептен шығару куәлігі) болуы қажет. Мұндай куәліктер сайлауға 15 күн қалғанда беріле бастайды.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, егер сайлаушы 23 тамызда тіркелген жерінде болмайтынын алдын ала білсе, ол өзінің сайлау учаскесінен 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін дауыс беру құқығын беретін куәлік ала алады.
– Егер азамат куәлігін жоғалтып алса, оны қалпына келтіру немесе көшірмесін алу мүмкін емес. Сондай-ақ бір елді мекеннің ішінде басқа сайлау учаскесінде дауыс беруді қалайтын азаматтарға мұндай куәлік берілмейді, – деді Гүлнар Аманжолова.
Дауыс беру құқығын беретін куәлікті қалай алуға болады?
• Тіркелген мекенжайыңыз бойынша бекітілген учаскелік сайлау комиссиясына жүгініңіз.
• Жазбаша өтініш пен жеке куәлігіңізді ұсыныңыз.
• Құжатты сайлаушының өзі немесе қарапайым сенімхатпен өкілі ала алады. Нотариалды куәландыру талап етілмейді.
Сайлау күні куәлікті қалай пайдалану керек?
• Ел аумағындағы кез келген сайлау учаскесіне барыңыз.
• Дауыс беру құқығын беретін куәлік пен жеке куәлігіңізді көрсетіңіз.
• Сайлаушылар тізіміне енгізілгеннен кейін сайлау бюллетенін алыңыз.
Павлодар облысында сайлаушылардың соңғы тізімдері әзірге жасақталған жоқ. Олар 2 тамызға дейін дайын болады. Ал 3 тамыздан бастап комиссиялар өз жұмысын бастайды. Тізімге дауыс беру күніне дейін 18 жасқа толатын Қазақстан азаматтары да енгізіледі. 7 тамыздан бастап тұрғындар жеке куәлігін көрсетіп, өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады. Басқа адамдардың деректерін қарауға заң бойынша рұқсат берілмейді.
Есептен шығару куәлігі 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі. Құжат жоғалған жағдайда қайта рәсімделмейді.
Қазіргі уақытта өңір тұрғындары Құрылтай депутаттарының сайлауында 522 сайлау учаскесінде дауыс беретіні белгілі.