Павлодарда қала ажарын арттыратын жыл бойы істейтін жарықтандыру орнатылуда

Павлодарда қала ажарын арттыратын жыл бойы істейтін жарықтандыру орнатылуда
Фото: қала әкімдігі ұсынды

700-ден астам ағаш жарқырай түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс орталығында көше келбетін жақсартуға бағытталған жаңа жоба жүзеге асуда. Қаладағы бірқатар көшелерге жарық құрылғыларын орнату және ғимарат қасбеттеріне сәулеттік жарықтандыру жүргізілуде. Маңыздысы – бұл жұмыстар Жаңа жыл мерекесіне арналған уақытша безендіру емес. Жарықтандыру құралдары жыл-он екі ай бойы қаланың ажарын арттырып, тұрақты түрде қызмет көрсететін болады.

Жоба облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Өткен жылы Баян батыр көшесіндегі ағаштарды жарықтандыру жұмысы басталған болатын. Биыл ауқымы кеңейе түсті. Қазір Лермонтов көшесі мен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойында 700-ден астам ағаш жарықтандырылды.

Сонымен қатар, бірнеше көшеде орналасқан 17 көпқабатты үйдің қасбетіне сәулеттік жарық орнатылды. Атап айтқанда, Н.Назарбаев даңғылы бойындағы 32, 34, 46, 46/1, 50, 52, 89, 89/2 үйлері, Академик Шөкин көшесіндегі 100-үй,  Амангелді көшесі, 50/1,  Баян Батыр көшесіндегі 8, 9, 10-үйлер, Олжабай батыр көшесі, 7/1, Бекмаханов көшесі, 115/1,  Естай көшесі, 83/1 және Инвесторлар үйінің қасбеті жарықтандырылды. 

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жоба алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Қаланың өзге де көшелерінде иллюминация орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманың Жаңа жыл мерекесіне еш қатысы жоқ. Себебі, жарықтандыру жыл бойы жұмыс істеп, қаланың көркін ашуға, жайлы әрі заманауи атмосфера қалыптастыруға ықпал етеді, – деді әкімдіктің баспасөз қызметінде. 

Павлодар тұрғындары үшін жаңа жарықтандыру тек эстетикалық көрініс емес, сонымен бірге қаланың қауіпсіздігі мен қолайлы инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс болмақ.