Павлодарда қараусыз қалған сәбилер әкесіне берілді

Павлодарда қараусыз қалған сәбилер әкесіне берілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғындардың бірі көршісінің жиі ішетінін және сәбилер қараусыз қалатынын айтып, қоңырау шалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мекенжайға келген полиция қызметкерлері пәтерде балалар мен үш кішкентай сәбиді көрген. Олардың бірінің қызуы көтеріліп, жылай берген. Ал анасы орташа дәрежеде мас болған және бұл медициналық куәландырумен расталды. Полиция болған сәтте әйел адам сәбилерге агрессивті әрекет көрсетіп, оларға қауіп төндірген.

Әйел адамның балалардың әкесімен ажырасқаны анықталды. Ол сауықтыру үшін уақытша бейімделу және детоксикация орталығына орналастырылды. Ал балалар қауіпсіздік үшін әкесіне берілді. Сондай-ақ, анасына қатысты кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материал толтырылып, сотқа жіберілді, – деді департаментте. 

Айта кетерлігі, тек ағымдағы жылдың өзінде 750 заңды өкіл тәрбие мен білім беру, құқықтар мен мүдделерді қорғау жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Полиция қызметкерлермен 409 қолайсыз отбасы анықталды және профилактикалық есепке қойылды.