Павлодарда үздік металлургтерге үй мен көліктер сыйға тартылды
Тәжірибелі өндіріс озаттары ғана емес, жас мамандардың да еңбегі еленді, деп хабарлайды @Pavlodrnews.kz.
Биылғы металлургтер күні «Қазақстан алюминийі» АҚ-на тиесілі екі кәсіпорын –Павлодар алюминий зауыты және Электр станциясының 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Мереке қарсаңында «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ зауыт алдындағы алаңдарда дәстүрлі түрде құрмет тақтаны жаңартты. Онда Алюминий дивизионының ең үздік 64 қызметкерінің суреттері орналастырылды. Құрмет тақтасының «Біздің мақтанышымыз» бөлігінде өндірістің 50 еңбек сіңірген және тәжірибелі озаттарының, ал «Біздің болашағымыз» қабырғасында жұмыста ерекшеленіп үлгерген 14 жас маманның портреттері ілінді. Жыл бойы осы қызметкерлер ай сайынғы сыйақы алатын болады.
– 60 жыл – бұл ауқымды уақыт. Біз зауытты іске қосудың, жобалық қуатқа шығудың қиын кезеңінен өттік. Қазір біз Красногорск бокситтерін жаңарту мен бейімдеудің арқасында тұрақты жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмыс орындарында өндірісті алға тартатын тәжірибелі адамдардың еңбегі. Оған сатып алушыдан, логисттен, қоймашыдан, бағдарламашыдан бастап, бүкіл процестің драйвері және локомотиві болып табылатын негізгі цехтар мен жөндеу бөлімшелеріне дейін барлығы қатысады, – деді Павлодар алюминий зауытының директоры Айтуған Ахметов.
Орталықтандырылған жөндеу цехының слесарь-жөндеушісі Геннадий Полийдің суреті енді Құрмет тақтасын безендіретін болады. Ол зауытта 25 жыл жұмыс істейді. Геннадий металлургияға кездейсоқ түскенін мойындайды.
–Мамандық бойынша мен аспазмын. Кеңес Одағы ыдыраған кезде жұмыс табу қиын болды. Жалақы төленбеді, алайда зауытта бәрі тұрақты болды. Мен зауытқа қызымның туған күнінде жұмысқа орналастым, – деп еске алады Геннадий Полий. – Табысқа жетудің құпиясы жоқ. Зауытта бір адам ештеңе істей алмайды, барлық нәтижеге бірлекен, ұжымдық күшті салғанда ғана жетуге болады. Жастарға үлкендерден үлгі алуға кеңес беремін. Егер қалап тұрсаңыз, сіз бәрін үйренесіз, ал егер талпыныс болмаса, онда сізді ешкім үйретпейді.
Жас шебер-механик Нариман Лукманов «Керегетас» әктас кенішінде бір жарым жыл жұмыс істеп келеді. Маманның күш-жігерін байқауға және суретін «Біздің болашағымыз» тақтасына қою үшін бұл уақыт жеткілікті болды.
– Мен осындай жетістіктерге жеткеніме қуаныштымын. Әрине, менің жұмысым қиын, сондықтан ол күш – жігер жұмсауды қажет етеді, – дейді Нариман Лукманов.
Сондай-ақ, «ҚЭЗ» АҚ Құрмет тақтасында «Ерен еңбегі үшін» медалін алған техникалық бақылау бөлімінің орталық зауыт лабораториясының техникалық талдау зертханашысы Елена Иванованың фотосуреті лайықты түрде ілінді. Оның өндірістегі жалпы еңбек өтілі – 34 жыл.
– Біздің зауытта жұмыс істегеніме мақтан тұтамын және өз мамандығымды өте жақсы көремін. Мұндай марапатты аламын деп күтпеп едім, өте қуанышты сәт. Бұл үшін басшылыққа рахмет, олар менің жұмысымды бағалап, байқады. Әрине, болашақта бұдан да көп жауапкершілік жүктеледі, өйткені тәлімгер ретінде кәсіпорынға жұмыс істеуге келген жас мамандарды оқытамын. Табысқа жету үшін өз ісіңізді жақсы көріп, кәсібилікті арттыруы керек. Ең бастысы – ұмтылыс пен оптимизм, – деп мойындайды Елена Иванова.
Келесі күні үш мереке – Металлург күні, ПАЗ және Электр станциясының мерейтойының атап өтілуі Естай атындағы мәдениет сарайында жалғасын тапты. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов металлургтерге қажырлы еңбегі, кәсібилігі мен адалдығы үшін алғысын білдірді.
–ERG тобының кәсіпорындары біздің өңірдің барлық өнеркәсіптік өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз етеді. Павлодар алюминий зауыты іске қосылған сәттен бастап 70 миллион тоннаға жуық алюминий тотығы өндірілді. Электр станциясы облыс орталығы тұрғындарының шамамен 40% -ын жылумен қамтамасыз етеді. Осындай құрғақ болып көрінетін әрбір өндірістік санның артында біздің жерлестеріміздің қажырлы еңбегі тұр. Сіздің адал еңбегіңіздің, дәстүрлеріңізге адалдығыңыздың және ұрпақтар сабақтастығының арқасында кәсіпорын болашаққа сеніммен қарайды, –деп атап өтті Асайын Байханов.
Айтулы мерекенің құрметіне барлығы үш жүзге жуық марапаттар табысталды. Ең үздік металлургтер облыс әкімінің грамоталарын, ERG корпоративтік наградаларын және мемлекеттік төсбелгілерін алды. Олардың арасында, III дәрежелі «Еңбек даңқы»төсбелгісінің иегері атанған Қаршыға Ахметов бар. Ол. Қазақстан электролиз зауытында электродтар өндіру цехында алюминий өндірудің автоматтандырылған процесінің операторы болып 13-ші жыл жұмыс істейді.
– Мұндай ілтипатқа жету үшін тынымсыз жұмыс істеу керек. Зауыттың өміріне араласып, іс-шараларға белсенділік танытып, қатысуға тырысу қажет. Әрине, өндірісте жұмыс істеу қиын, бірақ қызықты. Күн сайын жаңа, қалыпты емес нәрселерге үйренесің, – деп мойындайды Қаршыға Ахметов.
Кеш барысында «Еуразиялық Топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов ПАЗ бен Электр станциясына LED экрандарға сертификаттар табыстады. Бірақ тосынсыйлар мұнымен аяқталған жоқ. Павлодар алюминий зауытының үш қызметкеріне «Қазақстан алюминийі» АҚ тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлерге кілттер мен сертификаттар табысталды. Бақытты жандардың бірі – көпбалалы ана Мадина Мәрденова баспаналы болғанына қуанышты. Ол сегізінші жыл гидрометаллургиялық цехтың сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істейді.
–Бағдарламаның арқасында үш бөлмелі пәтер алдым. Балдық жүйе арқылы конкурс бойынша өттім. Барлық қызметкерлер өтініш берген болатын. Эмоцияға толы әсерге бөлендім. Мен өте бақыттымын, – деді машинист.
Тағы он қызметкер автокөлік кілттерін алды. ПАЗ автокөлік цехының жүргізушісі Андрей Соколов күнделікті жұмыста мініп жүрген «КамАЗдан» түсіп, демалыс уақытта жаңа, ең бастысы жеке жеңіл автокөлігін тізгіндейтін болады.
–Біз бүкіл зауытқа қызмет көрсетеміз. Құмды, кірпішті, яғни бәрін тасымалдаймыз. Бірде-бір апатсыз 40 жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Менің ойымша, өз кәсібіңізді және мініп жүрген көлікті жақсы көру керек, – деп бөлісті Андрей Соколов.
Салтанатты рәсімнен кейін сахнада қазақстандық AMRE орындаушысы өнер көрсетті. Ол жұмыскерлерді өзінің танымал әндерімен қуантты. Ал кештің хэдлайнері – «NE Prosto orchestr» симфониялық оркестрі атанды. Әртістер барлығына белгілі фильм мен сериалдардың саундтректерінің орындады.
Серіктестік материал