Бірінші орынға автокөлік: Павлодарда республикалық Құран Кәрім байқауы өтеді
Демеушілердің және дін жанашырларының қаржылай қолдауымен өтетін байқаудың жүлде қоры 26,5 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқау Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша ұйымдастырылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жылдағы дәстүр бойынша ХІІІ республикалық Құран байқауын 14-15 қыркүйек күндері Павлодар қаласында өткізуді жоспарлап отыр.
– Құран байқауына қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкес, Құранды қатесіз жатқа және тәжуидімен көркем оқуына баса мән беріледі. Үміткер өз облысындағы алдын ала іріктеу сайысында 1-орын алған жағдайда ғана жарысқа жолдама алады. Толық Құранды жатқа оқу номинациясы бойынша қатысатын үміткер республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орын алмаған болуы керек. Сондай-ақ 30 жастан аспаған ҚР ер азаматы болуы тиіс. Үміткер жарысқа тек бір номинация бойынша ғана қатыса алады, – деп жазылған хабарламада.
Байқауға қатысу үшін облыс бас имамының ұсыныс хаты, үміткердің анкетасы, жеке куәлік көшірмесі, іріктеу сайысының сертификат көшірмесі талап етіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табысталып, арнайы сертификаттар беріледі.
Толық Құранды жатқа оқу бойынша бірінші – орынға автокөлік, екінші орынға – төрт миллион теңге, үшінші орынға – үш миллион теңге, төртінші орынға – 1,5 миллион теңге, бесінші орынға бір миллион теңге ұсынылады.
Құранның 20 парасын жатқа оқу бойынша бірінші орынға – үш миллион теңге, екінші орынға – екі миллион теңге, үшінші орынға – 1,5 миллион теңге, төртінші орынға – 800 мың теңге, бесінші орынға – 500 мың теңге беріледі.
Құранның 10 парасын жатқа оқу бойынша бірінші орынға – 1,5 миллион теңге, екінші орынға – бір миллион теңге, үшінші орынға – 750 мың теңге, Құранды мәнерлеп оқу бойынша бірінші орынға – 700 мың теңге, екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, жарысқа қатысып, жүлде алмаған әр қариға 70 мың теңге көлемінде 64 үміткерге 4 480 000 теңге беріледі.
Байқау Діни басқарманың «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.