Павлодарда ұландықтар көлікте IPHONE-13 ұрланған ұрыны ұстады
Қала тәртібін қамтамасыз етіп жүрген 5512 әскери бөлімінің жауынгерлері бір күнде үш қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, алдымен әскери бөлім сақшылары Майра көшесіндегі көпқабатты үйдің подъезінен велосипед ұрлаған азаматты ізін суытпай құрықтайды. Бұдан кейін жауынгерлік жасақ рациясына жедел басқару орталығынан сауда үйінен киім-кешек ұрланды деген хабар келіп түседі. Ұрлық жасаушының нобайымен танысқан ұландықтар дереу түрде іздеуге кірісті. Арада көп уақыт өтпей, сырт келбеті хабарламада берілген сипаттамаға сәйкес күдікті қолға түседі. Тексеру барысында әлгі азаматтың қолындағы пакет ішінен ұрланған заттар табылды.
Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қырағы әрекеттері мұнымен шектелмеді. Сол күні әскери жасақ қоғамдық көліктегі жолаушының сөмкесінен IPHONE-13 маркалы смартфон ұрлаған күдіктіні жедел іздеуге көшеді. Ұрының түскен аялдама маңын жіті торуылға алған сақшылар аз ғана уақыттың ішінде күдіктіні ұстап алды.
– Біз күнделікті бекітілген тәртіпке сай өзімізге берілген тиісті аймақты жіті бақылауға алдық. Ұрланған телефон бойынша шұғыл ақпарат алған жауынгерлік жасақ аялдама маңындағы көше қиылыстарын торуылдады. Нәтижесінде суыт жүрісті азаматтың бізді көріп, жүріс бағытын өзгертіп, шапшаң қимылға баса түскендігін аңғардық. Ұлттық ұлан жауынгерлерінен қашып құтылмақ болған күдіктіні тоқтатып, тінту кезінде қалтасынан IPHONE-13 маркалы телефон табылды, – дейді қатардағы жауынгер Денис Гладков.
Сарбаздар ұсталған күдіктілерді полиция учаскелік пунктіне жеткізген. Олардың үстінен ҚР Қылмыстың кодексінің 188-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды.