Екібастұзда тұрғын үй сертификаттарын ұсынуға өтініштер қабылдау басталды
Талаптар тізбесі жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі ипотекалық бағдарламалар шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын ұсынуға өтініштер қабылдайды.
Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін әлеуметтік көмек түрінде бастапқы жарна сомасының 100 % мөлшерінде, бірақ 1 500 мың теңгеден аспайтын мөлшерде айқындалады.
Тұрғын үй сертификатын алушы санаттар тізбесі:
- мүгедектігі бар балалары бар немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
- толық емес отбасылар;
- денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы қажетті мамандар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер;
- бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
- кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде, кәмелетке толмаған балалардан, оның ішінде негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалардан аспайтын еңбек және кәсіпкерлік қызметтен, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары, олар кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын соңғы 6 ай ішінде еңбек және кәсіпкерлік қызметтен орташа табысы болған жағдайда беріледі.