Павлодарда ұлттық нақыштағы сән зертханасы өтеді
Мұнда тұрғындар киімдерін өз қолдарымен жаңартуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
24 қазан күні Павлодар қаласында ұлттық дәстүр мен заманауи сәнді ұштастыратын «Ертіс сәні – GQ Ethno Fashion Lab» шығармашылық іс-шарасы өтеді. Бұл игі бастама Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен «Ерке Ертістің жағасында» шағын грантын іске асыру аясында ұйымдастырылуда.
Жобаның басты мақсаты – қазақтың ұлттық нақыштарын күнделікті өмірге енгізіп, дәстүрлі элементтерді заманауи киім үлгілерімен үйлестіру. Сонымен қатар, қатысушылардың шығармашылық әлеуетін ашып, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру көзделген.
Шығармашылық зертхана барысында қатысушылар өздерін дизайнер ретінде сынап, күнделікті киімдерін ерекше сән үлгілеріне айналдыра алады. Олар қазақтың ұлттық ою-өрнектерін пайдаланып, киімдерді безендірудің тың тәсілдерін меңгеріп, дәстүрлі нақышты заманауи стильмен үйлестіреді.
Сондай-ақ қатысушылар ұлттық мәдениеттен шабыт алып, өз қолдарымен әшекей бұйымдар мен түрлі аксессуарлар жасай алады. Бұл – ұлттық өнердің элементтерін жеке стильде қолдануға мүмкіндік беретін шығармашылық алаң.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – киімге екінші өмір сыйлау. Қолданыстағы киімдерді жаңаша сәндеу арқылы ұйымдастырушылар саналы тұтыну мәдениетін насихаттап, экологиялық жауапкершілікке назар аударуды мақсат етеді.
Ұлттық ою-өрнектер мен дәстүрлі әшекейлер – халқымыздың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Оларды заманауи киім үлгілерінде пайдалану ұлттық құндылықтарды жаңа қырынан танытуға жол ашады.
– «Ертіс сәні – GQ Ethno Fashion Lab» жобасы да осы бағытты ұстанады. Қатысушылар өз қиялына ерік беріп, қайталанбас этностиль қалыптастыруға мүмкіндік алады. Ұлттық дәстүрден шабыт алып, сән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырғысы келетін павлодарлықтар үшін бұл шара шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және қазақы нақышты жаңа үлгіде танытуға мүмкіндік береді, – дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шара 24 қазан күні, сағат 11:00-де Қамзин көшесі, 96 мекенжайындағы GQ дүкенінде өтеді.