Павлодар облысында наурыз айында тігілетін киіз үйлердің саны артады
Былтыр тігілген киіз үйлердің саны 200-ге жуық болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті.
– Ұлыстың ұлы күні – күн мен түн теңеліп, табиғаттың оянатын кезі. Бұл мерекеде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен халқымыздың қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады. Осыған орай, Павлодар облысы бойынша жұмыстар 1-ші наурыздан бастау алады. Жалпы, өңірімізде Наурыз мейрамын мерекелеуге 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған, – дейді Медет Тауасқан.
Дәлірек айтқанда, алғыс айту күніне – 500-ден аса іс-шара, 8 наурыз мейрамын мерекелеуге – 800-ден аса іс-шара жоспарланған.
Басқарма басшысының айтуынша, ақпан айында облыс кәсіпорындарына, мекемелеріне және өңір тұрғындарына ұлттық дәстүрімізді, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында «Ұлттық дәстүр – тәрбиенің көзі» атты челленджі жолданды. Бүгінгі күні 20-ға жуық мәдениет мекемелері челленджді қолдап, ресми әлеуметтік парақшаларында жариялады. Бұл бастама әлі де жалғасын табады.
Мерекелік іс-шаралар 1 наурыз күні «Ең әдемі киім – Ұлттық киім» акциясынан басталады. 10 наурыз күні облыстық «Шаңырақ» орталығында оқушылар арасында ақындар айтысы ұйымдастырылады. 11-12 наурыз аралығында облыс тұрғындары мен қонақтары үшін «Шаңырақ» орталығында «Ұлттық аспап – ұлтымыздың тарихы» атты ұлттық аспаптар көрмесі және лекция концерттік бағдарламасы өтеді. Көрме Астана қаласының ұлттық аспаптар музейімен бірлесіп ұйымдастырылады.
11 наурыз күні Достық үйінде ұлттық салт-дәстүрлер туралы, бата беру, қолөнер, ұлттық аспаптар, ұлттық кескіндеме, қамшы өру, ұлттық тағамдардың және ұлттық күйдің шығу тарихы туралы қалалар мен аудандардың қатысуымен тележобаның түсірілімі өтеді. Тележоба 22-24 наурыз аралығында Ертіс телеарнасында көрсетіледі.
Наурыз мейрамы күндері зергерлер мен қолөнершілердің жұмыстарын кең насихаттау мақсатында 17 наурыз күні облыстық «Ертіс» музейінде «Ұршық Fest» облыстық фестивалі өтеді
18 наурыз күні сағат 19:00-де Естай атындағы мәдениет сарайда халық әрітісі Мақпал Жүнісованың концерті болады.
Облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде 19 наурыз күні мектеп оқушылары арасында «Тақиялы қыз – трендте» атты тақия тігу өнері бойынша байқауының қорытындысы шығарылады.
Наурыз мейрамын 21 наурыз күні Павлодар облысының ауылдарында және 22 наурыз күні қала мен аудан орталықтарында кең көлемде атап өту ұсынылды.
Осы күндері облыстық кітапханалар мен музейлерде тақырыптық көрмелер, театрларда қойылымдар, облыстық филармония мен Шаңырақта концерттер ұйымдастырылады.
Айта кету керек, 21-22 наурыз күні өткізілетін облыстық іс-шараларға кіру тегін.
«Ұлыстың Ұлы күні наурыз мейрамына» орай Павлодар облысы бойынша 240 киіз үй тұрғызылады. Нақтырақ айтқанда, қала мен аудан орталықтарында – 115, ауылдарда – 125 киіз үй тігіледі. Былтыр аталмыш мереке барысында тігілген киіз үйлердің саны 200-ге жуық болатын.
Павлодар қаласында 25 киіз үй орнатылады. Соның ішінде, алтауына тарихи тұлғалар мен қол өнер шеберлерінің бұйымдары орналастыру көзделуде. Көпшілік мерекелік іс-шараны орталық алаңда өткізу жоспарлануда. Мерекелік концертке Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының әншілері, ұжымдары мен арнайы шақырылған қонақтар – Роза Рымбаева мен Қайрат Нұртастың қатысуы күтілуде.
Сонымен қатар, 22 наурыз күні сағат 16:00-де және 19:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында «МузАРТ» тобының концерті өтеді. Алайда бұл – коммерциялық жоба. Ал 23 наурыз күні сағат 17:00-де «Шаңырақ» орталығында қазақ эстраданың жұлдызы Еркін Нұржановтың мерекелік кеші өтеді. Кіру тегін.
Айта кету керек, қоғамдық көліктерде және сауда орындары мен сауда үйлерінде ұлттық күйлер наурыз айы бойы ойнатылады.