Павлодарлық арулар 8 наурызда театрлар мен музейлерге тегін кіре алады
Облыста 8-22 наурыз аралығында өтетін мерекелер тізімі белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті.
– 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай облыс бойынша 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Облыс аудандарында мерекелік концерттер 7 наурыздан бастап өткізіледі. Ал облыс орталығында Естай атындағы мәдениет сарайында 8 наурыз күні Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғалидің концерті, 9 наурыз күні облыс тұрғындары үшін Сәкен Майғазиев ән шырқайды, – деді Медет Тауасқан.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы-драма театрында қойылатын «Венециялық егіздер» комедиялық қойылымы мен А. Чехов атындағы драм театрында қойылатын «Мамуля» комедиялық қойылымына және барлық музейлерге қыз-келіншектер үшін кіру тегін болмақ.