Павлодарда өткен бокс кеші керемет жеңіспен аяқталды

Павлодарда өткен бокс кеші керемет жеңіспен аяқталды
Фото: Pixabay

«Астана» мұз сарайына төрт мыңға жуық бокс сүйер қауым жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көптен күткен бокс кеші он жекпе-жектен тұрды. Рингке бірінші болып қазақстандық Алмаз Дүйсенқұл мен Өзбекстаннан келген былғары қолғап шебері Ділмұрат Мәжитов шықты. Басында боксшылар бір-бірін сынап жүрсе, соңына қарай қазақстандықтың басымдығы айқын көріне бастады. Жамбылдық ойыншы қарсыласын бірнеше рет нокдаунға жіберіп еді, одан Ділмұрат Мәжитов есеңгіреп жүрді.

«Донателло» Ернар Ерназарұлы қатысқан тартыс көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Блогер әрі боксшы ресейлік кәсіпқой боксшы Артем Чеботаревпен рингке шықты. Жекпе-жек екі жауынгер үшін де қиынға соқты, ешкім берілгісі келмеді. Дегенмен, техникалық жағынан мықтырақ және тәжірибелі ресейлік жеңді.

- Жеңілгенім үшін кешірім сұраймын, - деді «Донателло» павлодарлық көрерменнен кешірім сұрап. – Камил Гаджиев павлодарлықтар мені неге жақсы көреді деп сұрады. Жауабы анық: павлодарлықтар әрқашан өздерінің адамдарын қолдайды. Үйде бірінші рет өнер көрсетіп жатырмын, бұл керемет болады деп ойладым. Бұл өте керемет болды, бірақ жауапкершіліктің салмағы өте ауыр болды. Бірақ бәрібір, мен келесі жолы одан да күшті болып қайта ораламын.

Көрермендерге бокстан бөлек, ауқымды ойын-сауық бағдарламасы, ұлттық өнер үлгілері, жас спортшылардың өнері ұсынылды. Truwer туған қаласы үшін рэп айтты. Қонақтар арасында белгілі UFC файтері Шавкат Рахмонов та болды.

Ұйымдастырудың жоғары деңгейін атақты блогер Иван Червинский де атап өтті. Ол павлодарлықтарға жылы лебізін білдірді.

«Ноғай» Фаниль Рафиков пен «Қасапшы» Ахмед Әлиев арасындағы жекпе-жек бағдарламаның ең басты оқиғасы болды. Павлодарлықтар үшін ММА сегізбұрышын бокс рингіне ауыстырған Фанил Рафиков жекпе-жек тізгінін бірден өз қолына алды: жиі соққы жасап, рингте жақсы қимылдады. «Ноғай» өз ерекшеліктерін де ұмытпады – павлодарлық жиі-жиі өктем қылықтар жасап, жауынгерлік айғай салды.

Барлығы жергілікті файтер үшін жеңіске қарай бет алғандай болып көрінгенде, рингте келеңсіз оқиға орын алып, ол Фаниль Рафиковқа техникалық нокаут алу қаупі төнді. Қарсыластар клинчте бастарын соғып, «Ноғайдың» қабағы қатты жарылды. Жарадан шелектеп қан ақты. Абырой болғанда, дәрігерлер боксшыны сылап-сипап, рингке қайтара білді.

Жергілікті жігіт соңғы екі раундты жақсы өткізіп, басымдылығын нығайта түсті. Төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Фаниль Рафиков жеңіске жетіп, Fight Nights және Naiza нұсқалары бойынша чемпион атанды.

Жеңімпаз үй көрермендері жылы лебізі үшін, сондай-ақ жұмысы үшін командасына алғысын білдірді. Фаниль Рафиков павлодарлықтарды келе жатқан қасиетті Рамазан айымен де құттықтап, елге тыныштық тіледі.