Павлодарлық каратистер алтыннан алқа тақты

Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар мен Әзербайжан мемлекетінің спортшылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ката техникасы бойынша өткен республикалық чемпионат пен «Mangystau Cup» турнирінде павлодарлық спортшылар бақ сынады.
Ұйым басшысы Арман Исатаевтың айтуынша, жергілікті спортшылар бұл додаға алты ай бойы тыңғылықты дайындалған.
– Чемпионатқа 12 жастан жоғары оқушылар қатыса алады. Биылғы сайысқа Қазақстанның 19 қаласынан келген өрендер жиналды, – деді ол.
Ал Маңғыстаудағы турнирге бір жылдан астам жаттыққан, карате деңгейі 9 кюден төмен емес оқушылар қатысты. Мұнда да елімізден бөлек, Әзербайжаннан келген қатысушылар да болды. Жарысқа байланысты барлық шығындарды ата-аналар өз мойнына алған.
Нәтижесінде Анеля Кенжикова мен Хафиза Ерқасымқызы алтын медаль жеңіп алды. Ясмин Дюсембенова, Айару Ақан, Максим Демиденко және Рената Юзеева күміс жүлдегер атанса, Жасмин Қалиева мен Бахия Етекбаева үшінші орынды иеленді.