Павлодарлық студент Азия чемпионатында күміс медаль иеленді
Алина Самбуева Үндістанда таэквондодан өткен жарыста ел намысын қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің екінші курс студенті жарыс кезінде 4 жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті. Ал финалда Корея спортшысына жол берді.
– Жарыс өте қиын болды. Әсіресе, Корея спортшыларымен белдесу оңай болған жоқ. Себебі, ол жер таэквондоның отаны ғой. Осы чемпионатқа дайындық барысында салмақ кууға тура келді. Бұл да айтарлықтай кері әсер етті, – дейді спортшы Алина.
Жүлдегер Екібастұз қаласының таэквондо мектебінде дайындалды. Жаттықтырушысы – Азамат Шакилов.
– Ол бұған дейін де республикалық және халықаралық турнирлерде бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Осы жолғы чемпионат оның 17-18 жас категориясындағы соңғы жарысы. Енді 18 жастан жоғарғы категорияда сынға түсетін болады, – деді Марғұлан университетінің баспасөз орталығында.
Қазіргі уақытта, спортшы 2025 жылы Италияда өтетін әлем чемпионатына дайындалуда.