Павлодарда 100 жастағы ардагер Құрылтай сайлауында дауыс берді

Павлодарда 100 жастағы ардагер Құрылтай сайлауында дауыс берді
Фото: Константин Шелков

Дауыс беру жәшігі қарт майдангердің үйіне жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сергей Выжутович ғасырлық ғұмырында ел тарихындағы талай маңызды кезеңнің куәсі әрі қатысушысы болды. Ол 1941 жылғы соғыс қасіретін, 1945 жылғы Жеңісті, соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру кезеңін, алпысыншы жылдардағы даму мен технологиялық серпілісті, жетпісінші жылдардағы тоқырауды, сексенінші жылдардағы социализм дәуірін, тоқсаныншы жылдардағы күйзелісті және екі мыңыншы жылдардағы жаңа кезеңнің қалыптасуын бастан өткерді. Соған қарамастан ардагер болашаққа деген сенімін жоғалтпаған. Оның пікірінше, әр азамат ел өміріне араласып, өз таңдауын жасауы керек.

– Мұндай кезде бейжай қалуға болмайды. Уақыт өтіп жатыр, өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан мен мұндай шараларға әрдайым адал әрі жауапкершілікпен қараймын. Бұл – менің азаматтық борышым, менің дауысымның да маңызы бар. Мен халыққа қызмет ететін партияға дауыс беремін, – деді ардагер.

Сергей Выжутович әскер қатарына 1944 жылдың қарашасында шақырылған. 1945 жылдың наурызына дейін Орта Азия әскери округінің 118-ші запастағы полкінде қызмет етті. Кейін 2-ші Беларусь майданының 44-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында қатардағы жауынгер ретінде Польшаға дейін жеткен. Жеңісті Росток қаласында қарсы алды. Жауынгерлік және еңбек жолындағы еңбегі үшін Сергей Выжутович ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 13 мерейтойлық және бірқатар еңбек наградаларымен марапатталған.

Әскерден оралғаннан кейін ол өмірін құрылыс саласымен байланыстырды. 1956 жылдан бастап «Павлодарпромстрой» құрылыс басқармасында әуелі шебер, кейін прораб болып еңбек етті. Бұл салаға жалпы 28 жылын арнап, 1985 жылдың тамызында зейнетке шықты.

Бірнеше тарихи дәуірді бастан өткерген ғасыр жасаған ардагер бұл жолы да өзінің сайлау құқығын пайдаланып, елдің болашағы үшін таңдау жасады. Сергей Выжутович мемлекеттің келешегіне үлес қосу әр азаматтың жауапкершілігі деп санайды.