Дарья Шарупич: Қазақ тіліне қызығушылық балабақшада пайда болды

Дарья Шарупич:  Қазақ тіліне қызығушылық балабақшада пайда болды

16 жастағы жас өрен Павлодар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 11-сыныбына көшкен, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

 Дарья Шарупич Аққулы ауданында дүниеге келген және қазіргі таңда отбасы ауылда тұрады.  

Мен екі жасымнан балабақшаға барған кезімнен қазақ тілін үйрене бастағанмын. Қазақ және орыс тілдерінде екі топ болған. Дегенмен менің қазақ топтарына деген қызығушылығым басым болған соң, ата-анам сол топқа берген. Әкеміз Александр Шарупич мектепте, анамыз Надежда қорғаныс бөлімінде жұмыс істейді, – дейді ол.

Оның айтуынша, отбасында бауырларының барлығы өзара қазақ тілінде еркін сөйлеседі. 

– Анамыз қазақ тілін жақсы түсінеді, бірақ сөйлей қоймайды. Бауырларымның бәрі маған қарап, қазақ мектебіне барды. Сіңлім Катя да гимназияның 8-сыныбында, Егор Аққулы мектебінде 6-сыныпта оқиды. Дима әлі кішкентай, – дейді Дарья.

Жас өрен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев пен халық жазушысы, драматург, сыншы Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын сүйіп оқитынын айтады. Ал өзінің соңынан ерген сіңлісі қолөнермен әуестенеді, тоқыма тоқумен айналысады. 

– Әсіресе «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы», «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» өлеңдері ерекше есімде қалды. Себебі, бұл туындылар адамға терең ой  салады, сол заманның шындығын жазады. Жалпы маған алгебра, геометрия, биология, география, қазақ әдебиеті пәндері ұнайды, – дейді 11-сынып оқушысы. 

Дарья  мектеп бітірген соң Семей медициналық университетіне оқуға түсіп, денсаулық сақтау саласында еңбек етуді армандайды.   

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от qaz.pavlodarnews.kz (@qaz.pavlodarnews.kz)