Павлодар облысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауылдық комиссиялар құрылады

Павлодар облысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауылдық комиссиялар құрылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Асайын Байханов бұл ұсынысты қолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова халық саны бойынша ірі ауыл мен кенттерде арнайы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құруды ұсынды. 

– Екі баланың қаза тапқаны ауылдық округ әкімдерінің немқұрайлылығын көрсетті. Ірі ауылдар мен кенттердегі комиссия аудандық комиссияға берілген құқықтары мен міндеттеріне ие болады. Комиссияны ауылдық округ әкімі басқарады,– деді облыс әкімінің орынбасары.

Айзада Құрманова үш қалада жедел әрекет ету топтарына талдау жүргізілгені туралы айтты. 

– Бесқауға ауылындағы Давыдовтар отбасындағы жағдайды айта отырып, отбасылық мәртебе анықтауда және ведомствоаралық өзара іс-қимыл бойынша жұмыстар әлсіз. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар оларға барып, жағдайын бақылады, алайда бұл отбасының қолайсыз жағдайдан шығу үшін ешқандай шара қолданылмады,– деді Айзада Құрманова. 

Ол қолайсыз отбасылармен жұмыс істеу жүйесінде мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі бірыңғай оператор қажет екенін жеткізді. Яғни, осындай оператор қолайсыз отбасына кірген сәттен бастап және ол осы мәртебеден шыққан сәтке дейін отбасына мониторинг жүргізумен айналысады.

Асайын Байханов облыс әкімдігі тарапынан бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстау қажет екенін ескерді.  

– Өткен қайғылы жағдай, әрине, бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Әр әкім, әсіресе ауылдардың әкімдері мұндай отбасыларымен тығыз байланыста болу керек. Ондай отбасылар облыс бойынша 300-ден астам бар,– деді облыс әкімі.– Шідерті, Солнечный, Майқайың, Ленинский және тағы да басқа облыстың ірі елді мекендерінің базасында арнайы комиссия құру туралы ұсынысыңызды толық қолдаймын. 

Сондай-ақ, аймақ басшысы осындай сұрқатар бойынша депуаттардан қалыс қалмауды сұрады.