Павлодарда орман өрті көбейді: басты себеп-найзағай
Аптап ыстық қызыл жалын қаупін күшейтіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында өрт қауіпті кезең басталғалы жалпы ауданы 176,5 гектарды құрайтын 63 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға көп.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, биылғы жаздағы аптап ыстық пен жауын-шашынның аз болуы табиғи өрттердің көбеюіне тікелей әсер еткен.
– 1 350 гектар аумақта екі дала өрті және 365 гектарды қамтыған 35 дала жануы тіркеліп, табиғи өрттердің жалпы ауданы шамамен 1 700 гектарға жетті. Қазіргі уақытта ауа райы өте ыстық, оған қоса найзағай разрядтары орын алуда, – деді ол.
Қайрат Шаймарденовтің сөзінше, орман өрттерінің негізгі себептері – халықтың отпен абайсыз жұмыс істеуі, өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасынан шыққан ұшқындар және найзағай. Оның ішінде өрттердің шамамен 90%-ы табиғи құбылыс – найзағай ұшқындарынан болады.
– Найзағай орманға түскен кезде өздігінен тұтану болып, соның салдарынан өрт шығады. Өңірде дала өрттерінің саны да айтарлықтай артқан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 100%-ға өскен, – деді ол.
22 шілдеде Баянауыл ауданының Құркөл ауылдық округінде құрғақ өсімдіктер өртеніп, өрт 850 гектар аумақты шарпыды. Ал 2 шілдеде Шарбақты ауданының Жылыбұлақ ауылдық округінде жергілікті атқарушы органдарға қарасты ашық аумақта құрғақ шөп, бұталар мен ағаштар жанып, тілсіз жау 500 гектар жерге таралған.
– Жаңбыр жоқ, бір айдан астам уақыттан бері аптап ыстық сақталуда. Шөптің барлығы сарғайып, қурап кеткен. Сондықтан, кез келген тұтану көзі дала өртінің шығуына себеп болуы мүмкін, – деді Қайрат Шаймарденов.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде профилактикалық жұмыстар мен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жедел әрекеті тұрақты жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыстағы өрт жағдайы тұрақты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Аққулы ауданындағы орман өрті сөндірілген болатын.