Павлодарда алғаш рет көктамырды тесу арқылы жүрек қақпашасы ауыстырылды
Операция үш сағаттан астам уақытқа созылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар кардиоорталығының хирургтары бірегей күрделі процедураны алғаш рет өткізді.
Облыс орталығының 44 жастағы тұрғыны кардио орталыққа 2020 жылы ревматикалық жүрек ауруымен және митральды қақпақшаның жеткіліксіздігімен түскен. Дәрігерлер науқасқа митральды қақпақшаның биологиялық протезін орнатты.
– Біз екінші рет 2023 жылдың ақпан айында кездестік, – деп еске алады кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райханов. – Науқастың жағдайы нашарлай бастаған және оны бізге тексеруге жіберген болатын. Эхокардиография орнатылған протездің бірі түсіп қалғанын, қақпаша жұмыс істемегенін көрсетті.
Науқаста жалпы митральды жеткіліксіздік дамығандықтан, қайтадан операция жасау қажет болған. Бірақ пациент әзірге ісіну, ентігу сияқты созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің өткір көріністерін бастан өткермеген және процедурадан бас тартқан.
Ол сегіз айдан кейін шұғыл түрде кардио орталыққа аяқтарында қатты ісіну, іш қуысында сұйықтық, тыныс алу жеткіліксіздігі белгілерімен ауыр жағдайда жеткізілді. Науқасқа шұғыл операция қажет болған, бірақ мұндай жағдайда өлім қаупі жоғары болған соң науқасқа операция жасау мүмкін болмады.
Әйел адам бір ай емделіп, ісіну жоғалды, ентігу төмендеді, өкпе артериясындағы қысым 87-ден 28-ге дейін төмендеді және бұл өте жақсы көрсеткіш болды.
– Митральды қақпақшаны протездеу үшін ашық жүрекке қайта операция жасауды жоспарладық, – дейді Мұрат Райханов. – Бірақ науқастың ауыр жағдайы ишемиялық типтегі цереброваскулярлық бұзылыстың дамуына әкелді. Операция кезінде үлкен қауіп-қатер болған.
Дәрігерлер митральды биологиялық қақпашаны кеспей-ақ сандағы көктамырды тесу арқылы орнатуға шешім қабылдады. Олар өз әрекеттерін мониторлар арқылы басқарды.
Бұған дейін павлодарлық кардиохирургтер Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандарымен кеңескен. Олар мұндай операцияны жасауға болатындығын растады және оны бірлесіп жасауды ұсынды.
Процедураның күрделілігін ескере отырып, кардиохирургтар, анестезиологтар-реаниматологтар, трансфузиологтар мен перфузиологтар кіретін операциялық топтың негізгі құрамына рентгенвасулярлық хирургтар мен аритмологтар қосылды.
– Техникалық тұрғыдан операция келесідей орындалады: жүрекаралық қоршауда ақау пайда болады, пункция жасалады, баллон енгізіледі де қақпашаны өткізуге болатындай үрленеді, – деп нақтылады кардиохирург.
Бұл операцияның екі қиындығы бар. Біріншіден, пайда болған ақау арқылы үлкен митральды қақпақшаның протезін алу қиын.
Екіншіден, клапанды бірден дұрыс күйде орнату керек, өйткені оны қалыпты мөлшерге дейін үрлегеннен кейін оның орнын түзету мүмкін емес.
Дәрігерлер науқасқа 3,5 сағат бойы операция жасады. Кардиохирургия бөлімі меңгерушісінің айтуынша, бақылау ультрадыбыстық зерттеу қақпашаның толық қызмет атқаратынын көрсетті.
Қала тұрғыны операциядан кейінгі екінші күні реанимация бөлімінен бейінді бөлімге ауыстырылды және өзін жақсы сезінеді.