Павлодар облысында тұмаумен бірде-бір адам сырқаттанбаған
Зертханада вирустың оң нәтижесі тіркелмеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биылғы эпидемиолоиялық маусымның басынан бері облыста 26 898 адам ЖРВИ-мен сырқаттанды. Емдеуге 250 адам жатқызылды, оның ішінде төрт жүкті әйел, 1 жасқа дейінгі 87 бала бар. Пневмониямен ауруханаға 172 тұрғын жатқызылды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 106 бала, 1 жасқа дейінгі 28 бала емін алуда. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанованың сөзінше, өткен жылдың сәйкес кезеңінде өңірде ЖРВИ 30 995 жағдайы тіркелген болатын. Бұл сырқаттанушылық деңгейінің төмендегенін білдіреді.
– Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» Павлодар филиалының вирусологиялық зертханасының ПТР әдісімен зерттелген 262 үлгіден тұмау вирусына оң нәтиже анықталған жоқ. Алайда, парагрипп, риновирус, бокавирус, аденовирус, яғни тұмау емес вирустардың 18 жағдайы анықталды,– деді Зәмзәгүл Досжанова.
Оның айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекциялар негізінен қазан айының аяғында қарашаның басында таралады. Содан кейін қараша, желтоқсанда тұмау вирусымен сырқаттанушылықтың өсуіне қосылады. Өткен эпидемиялық маусымда Павлодар облысында тұмаумен екі алғашқы жағдайы 9-15 қараша аралығында тіркелді.
29 қазандағы жағдай бойынша тұмауға қарсы 66 972 адам немесе облыс халқының жалпы санының 8,87% егілді.
– Қазан айындағы медициналық ұйымдардың тегі бойынша тіркеліміне сәйкес, профилактикалық егуден 1097 бас тарту тіркелген. Ал 9 ай ішінде 194 бас тарту тіркелді. Жеке сенімдерінен бас тартқандардың үлесі 77,9%-ды құрайды. Діни себептер бойынша 72 адам профилактикалық егуден бас тартты, ал вакциналарға сенімсіздік 158 адам білдірді,– деп атап өтті Зәмзәгүл Досжанова.
Дәрігер аурудың алдын алу үшін қарапайым шараларды сақтау ұсынады: адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды тоқтату, антисептикалық құралдарды пайдалана отырып, дезинфекциялық режимді күшейту, науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде үйде болу, балаларды ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу және уақтылы медициналық көмекке жүгіну.