Павлодарда ант қабылдаған үш сарбаз сүйіктілеріне сөз салды

Павлодарда ант қабылдаған үш сарбаз сүйіктілеріне сөз салды
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан

Павлодар қаласында өткен Ұлттық ұлан сарбаздарының ант қабылдау рәсімі ерекше оқиғамен есте қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Салтанатты рәсім аяқталысымен бірден үш жас сарбаз көпшіліктің көз алдында сүйіктілеріне сөз салып, олардың барлығы да оң жауап алды. Осылайша әскери антпен қатар үш жас жұптың өміріндегі маңызды сәтке де куә болған тұрғындар әсерлі көріністі ұзақ қол соғып, қошеметпен қарсы алды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты рәсім Павлодар қаласындағы Жеңіс алаңында өтті. Әскери ант қабылдауға Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан әскер қатарына шақырылған екі жүзге жуық жас сарбаз қатысты. Олар Отанға және Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант беріп, әскери өмірдегі алғашқы маңызды қадамдарын жасады.

Ант қабылдау рәсімінен кейін көпшіліктің назарын ерекше аударған әсерлі оқиға орын алды. Салтанатты шараны тамашалауға келген сүйіктілеріне бірден үш сарбаз көпшілік алдында сөз салып, болашақтарын бірге құруға ниет білдірді. Жиналған жұрт бұл сәтті ыстық ықыласпен қабылдап, жас жұптарға ақ тілектерін арнады.

Сүйіктісіне сөз салғандардың бірі – қатардағы жауынгер Андрей Шарапов. Ол бір жылдан бері қол ұстасып жүрген Нурикамалға барша жұрттың алдында сөз салып, өмірлік серігі болуын сұрады. Нурикамал оның ұсынысын қуана қабылдап, әскери борышын абыроймен өтеп келгенше адал күтетінін жеткізді.

– Бұл сәтті көптен бері күттім. Әскерге дейін Нурикамалға сөз салудың сәті түспеді. Оның ант қабылдау рәсіміне келетінін естігенде, дәл осы күні сезімімді білдіруге бел будым. Қасымдағы қаруластарым да бұл ойымды қолдап, ақыл-кеңестерін айтты. Солардың қолдауының арқасында батыл қадамға бардым. Барлығына шынайы алғысымды білдіремін, – дейді қатардағы жауынгер Андрей Шарапов.

Жас сарбаздардың бұл қадамы салтанатты рәсімге ерекше әсер сыйлады. Қаруластары оларды қызу қолдап, ата-аналар мен қала тұрғындары үш жас жұптың бақытты болуына тілектестік білдірді. Осылайша Павлодардағы ант қабылдау рәсімі әскери анттың салтанатымен ғана емес, үш бірдей сарбаздың сүйіктілеріне сөз салып, өмірлеріндегі жаңа белесті бастаған ерекше оқиғасымен де көпшіліктің жадында қалды.