Павлодарда апат болған орынды жасанды интеллект анықтайды

Павлодарда апат болған орынды жасанды интеллект анықтайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол үшін аймақ басшысының тапсырмасы бойынша интерактивті жылу картасы әзірленуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміриннің айтуынша, карта су, жылу, кәріз, электр желілеріндегі апаттың қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. 

Бүгінгі таңда Павлодар қаласы әкімінің төрағалығымен жиын өткізілді. Бұл ретте облыс орталығы туралы сөз қозғалып отыр. Бұдан кейін Ақсу мен Екібастұз қалаларын қамтимыз. Жобалаушы мен табиғи монополиялар субъектілерінің басын қостық. Бұл – «КАЗГИСА» ЖШС. Магистраль схемасы және квартал ішіндегі схемалар туралы қажет барлық цифрландырылған ақпаратты алдық, – дейді Ағыбай Әмірин.

«КАЗГИСА» ЖШС Екінші Павлодарда кәріз құдықтарын тексеріп, тиісті жұмыстар жүргізген. Алдағы уақытта жылу картасын пилоттық режимде осы ауданнан бастау жоспарланып отыр. Көктемде күн жылыған кезде Павлодар қаласы толығымен қамтылады. 

– Барлығы цифрландырылады. Бұл картаны 109 қызметі, мемлекеттік органдар пайдаланады. Бірінші кезекте бұл 109 қызметі үшін әзірленуде. Бұл – жеке тұлғалардың жеке деректері базасы. Сол базаға жылу картасы тіркеледі. Жасанды интеллект апаттың масштабын, қай үйде, ғимаратта, көшеде болғанын көрсетеді, – дейді Ағыбай Әмірин.

Нәтижесінде аталған карта қалада қанша адам сусыз немесе жарықсыз қалғанын анықтайды.