Павлодарда білім ордалары бір сәтке нағыз қазақ ауылдарына айналды
Шаһарда Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік шаралар қаланың түрлі аумақтарында жалғасын тапты. Солардың бірі – Екінші Павлодар мөлтек ауданындағы Литвинов көшесі бойында ұйымдастырылған думанды мереке болды.
Мұнда қаламыздың қосымша білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі мекемелердің және мектептердің күшімен шағын аудан тұрғындарына арналған кең ауқымды мерекелік бағдарлама ұсынылды.
Қала мектептері бұл жолы ерекше форматты таңдап, білім ордаларын бір сәтке нағыз қазақ ауылдарына айналдырды.
Білім беру ұйымдары мерекені тек дәстүрлі форматта ғана емес, мазмұны бай, көрерменге әсерлі іс-шаралармен толықтырды. Мектептерде ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрлер дәріптеліп, оқушылар мен ұстаздар бір шаңырақ астында ұлыстың ұлық күнін қарсы алды.
Атап айтқанда, «Бірлік», «Татулық», «Шаттық», «Думан», «Көктем», «Шабыт» ауылдары құрылып, әрқайсысы өз мазмұнымен, ұлттық нақышымен ерекшеленді. Бұл ауылдарда қонақтар ұлттық салт-дәстүрлермен танысып, қазақы өмірдің тынысын сезінді.

Сахна төрінде «Жігер» орталығының тәрбиеленушілері, музыкалық мектептің шәкірттері және Қанат Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің өнерпаздары өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Әсем ән мен би, ұлттық нақыштағы қойылымдар мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

Сонымен қатар, балабақшалар ұйымдастырған ұлттық бұйымдар көрмесі көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеде халқымыздың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін қолөнер туындылары, әшекейлер мен дәстүрлі заттар ұсынылды.
– Мереке барысында ұлттық спорттық ойындар өткізіліп, тұрғындар белсенді қатысып, өзара сайысқа түсті. Ал ән алаңы кез келген адамға ән шырқап, мерекелік көңіл күйді бөлісуге мүмкіндік берді, – дейді ұйымдастырушылар.

Осылайша, Наурыз мейрамы ұрпақты тәрбиелейтін, халықты біріктіретін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын үлкен рухани мерекеге айналды.