Павлодарда бірнеше елдің үздік суретшілері мен өнертанушылары жиналады
Олар бейнелеу өнеріндегі жаңа технологиялардың шеберлік сабақтарын өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
24 қыркүйекте сағат 10:00-ден 11:00-ге дейін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында «АРТ-ТӨР 2024» шараның салтанатты ашылу рәсімі өткізіледі.
Іс-шара танымал қылқалам шебері Нағымбек Нұрмұхамедовтың 100 жылдығына және оның есімімен аталатын Павлодар облыстық көркемсурет музейінің 60 жылдығына арналады.
Салтанатты шарада кәдесыйлар мен Нағымбек Нұрмұхаммедовтың каталогының тұсаукесері өтеді.
«АРТ-ТӨР 2024» плэнерінің құрметті қонақтары арасында суретшінің қызы, өнертанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мара Нұрмұхаммедова, ресейлік суретші, ЮНЕСКО Суретшілер одағының мүшесі Андрей Блиок, Қырғызстанның халық әртісі Юристанбек Шыгаев, Әзірбайжанның халық әртісі Джалал Агаев бар.
11:15-13:00 аралығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Өмірбек Жұбаниязовтан шеберлік сабағы өтеді. Іс-шараға қатысушылар кескіндеме мен графиканы үйлестіретін осы бірегей авторлық техникамен таныса алады.
Танымал өнертанушы және «Ұлар» галереясының директоры Юрий Маркович тренинг жүргізеді. Ол 3D басып шығару, VR технологиялары және дрондарды пайдалану сияқты бейнелеу өнеріндегі ең жаңа технологиялар және олардың қазіргі заманғы көркемдік процестерге әсері туралы әңгімелейді. Бұл көрме кеңістігін өзгерту және өнерге жаңа көзқарастар туралы білуге тамаша мүмкіндік болады.
Қатысушыларды облыстық көркемсурет музейінде өтетін Нағымбек Нұрмұхаммедовтың 100 жылдығына арналған көрменің мерейтойлық вернисажына шақырумен аяқталады.
«АРТ-ТӨР 2024» кәсіби суретшілерді, өнертанушыларды, студенттер мен шығармашылық жастарды біріктіретін, шығармашылық тәжірибе алмасу үшін арналған мәдени іс-шара классикалық және заманауи өнер процестерін қолдаудың бірегей платформасы болып табылады.