Павлодарда балаларды оңалту орталығы кадр мен орын тапшылығын сезінуде

Павлодарда балаларды оңалту орталығы кадр мен орын тапшылығын сезінуде
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

Осының салдарынан орталық кезекте тұрған балаларға қызмет көрсете алмай отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мәліметінше, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен партия мүшелері облыстық балаларды оңалту орталығына барды. Сапар барысында депутаттар орталықтың жұмысымен танысып, мекеменің мәселелерін және оларды шешу жолдарын талқылады.

– Орталық аутизмге шалдыққан балалармен белсенді жұмыс жасап, оларға шығармашылық, спорттық және қолданбалы даму мүмкіндіктерін ұсынады. Әсіресе, өнер және спорт сабақтарына арналған кабинеттерге ерекше назар аударылады. Алайда, орын мен кадр тапшылығы басты мәселелердің бірі болып отыр, – деді депутат Вера Ким.

Орталық тек 120 балаға арналғанымен, кезекте тұрғандар саны 300-ден асып отыр. Кезегін күткен ата-аналар мен балалар қажетті қызметтерді уақытында ала алмайды. Сонымен қатар, грант арқылы білім алған түлектер әлеуметтік қорғау жүйесінде өз мамандықтары бойынша жұмыс істей алмауда. Бұл логопед, дефектолог, биотерапевт және психолог сияқты мамандардың жетіспеушілігін одан әрі ушықтырып отыр.

– Өкінішке қарай, орталық ғимараты реабилитацияға мұқтаж барлық балаларды қамти алмайды, – деп атап өтті Вера Ким. – Орталық басшылығы ғимаратты кеңейту бастамасы облыс әкімі тарапынан қолдау тапқанын хабарлады. Біз бұл мәселе жақын арада шешіледі деп үміттенеміз, осылайша барлық мұқтаж балалар қамтылатын болады.

Оңалту орталығының басшылығы Павлодар мен Екібастұз қалаларында қосымша бөлімшелер ашу бастамасын ұсынды. Бұл кезекті едәуір қысқартып, балаларға өз өңірінде оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік береді.

Орталық өкілдерінің мәліметінше, оңалту процесі 18 айдан 18 жылға дейінгі уақытты қамтитын ұзақ мерзімді үдеріс. Бұл тұрақты қаржыландыруды, жоғары білікті кадрларды және инфрақұрылымды кеңейтуді қажет етеді.

«AMANAT» партиясының депутаттары орталықтың негізгі мәселелерін шешуге көмек көрсететіндерін жеткізді. Орталық ғимаратын кеңейту және мамандар санын арттыру басымдықты міндеттер ретінде белгіленді.