Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізу фактілері жиілеген

Өңірде жиі орын алатын заң бұзушылықтардың бірі – жол-көлік оқиғалары, деп мәлімдеді @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаевтың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы бес айында аймақта жол-көлік оқиғаларының саны 14,6%-ға артып, қайтыс болғандар мен жарақат алғандар көрсеткіші де едәуір көбейген. Мамандар бұл өсімді есепке алу тәртібінің өзгеруімен және жүргізушілердің ереже бұзуымен байланыстырып отыр.
– Биылғы бес айдың ішінде жол апаты 335-тен 384-ке дейін көбейіп, жалпы өсім 14,6%-ды құрады. Қайтыс болғандар саны 25%-ға артып, 20-дан 25 адамға жетсе, жарақат алғандар 11,6%-ға өсіп, 529 адамды құраған. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған апаттар да көбейген: 76-дан 79 жағдайға жетіп, үш бала қаза тауып, 99-ы жараланған. Жаяу жүргіншілермен болған апаттар 8,9%-ға артқан, – дейді Азамат Күркебаев.
Ең алаңдатарлық көрсеткіш – мас күйде көлік жүргізу: мұндай жағдайлар 4,5 есе көбейіп, жарақат алғандар саны 5,8 есе өскен (5-тен 29 адамға дейін). Сонымен қатар, мотоцикл мен мопедтің қатысуымен болған 19 апат тіркеліп, бір адам қаза тауып, 16 адам жарақат алған.
— Өліммен аяқталған апаттардың басты себептері – маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығу, жылдамдықты арттыру мен жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Бұл мәселелерді шешу үшін жолдарда профилактикалық шаралар мен цифрлық технологиялар белсенді түрде қолданылуда, – деді ол.
Сондай-ақ спикер цифрлық бақылау және айыппұлдарға тоқталып өтті.
— 2025 жылы «Кибер-Шериф», «Ekin Patrol», «Зерек» кешендерімен 3408 құқықбұзушылық тіркелген. 72919 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды (өткен жылмен салыстырғанда 13,6%-ға көп). 1,4 миллиард теңгеден астам айыппұл салынып, оның 79% өндірілді. Сот шешімімен 380 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, — дейді Азамат Күркебаев.
Айта кетерлігі, жол-көлік оқиғаларындағы күрт өсім есепке алу тәсілінің өзгеруімен тікелей байланысты. Енді медициналық көмекке жүгінген барлық зардап шегушілер статистикаға енгізіледі. Сонымен қатар, бұл салада «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 2025 жылы 420 бақылау кешені орнатылады.
Жансая Мәлік