Рөлге мас күйде отырған павлодарлық жүргізуші сотқа жіберілді

Рөлге мас күйде отырған павлодарлық жүргізуші сотқа жіберілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізудің 700-ге жуық дерегі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мас күйде көлік жүргізушілерді анықтау бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

Кезекті рейд барысында Павлодар қаласындағы М. Горький көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері ГАЗ-3110 маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің мінез-құлқы күдік туғызып, оның сұрақтарға нақты жауап бере алмағаны байқалды.

Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкеновтің айтуынша, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полицияның басты міндеттерінің бірі.

– Мас күйде көлік басқару жүргізушінің ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Жыл басынан бері өңірде осындай 668 құқық бұзушылық анықталды. Барлық құқық бұзушылар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды, – деді Жандос Байкенов.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырады. Құқық қорғау органдары мұндай заң бұзушылықтар үшін заңнамада қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.