Павлодарда білім саласында кадрлар резерві құрылды

Павлодарда білім саласында кадрлар резерві құрылды
Фото: ашық дереккөзден

Осы мақсатта оқу орындарының әлеуетті менеджерлерімен алғашқы кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің мәлімдеуінше, бұған дейін қалалық кадрлар резервін құруды жоспарлаған.

Кадр резервіне өз кандидатураларын көптеген білікті мамандар ұсынған. Нәтижесінде 45 адам іріктеуден өткен. Бұл қатарда директорлардың орынбасарларынан бөлек, білім беру жүйесінде жұмыс істейтін қарапайым мұғалімдер, тәрбиешілер мен колледж қызметкерлері де бар.

- Біздің ортақ мақсатымыз - қаланың білім беру жүйесі ұйымдарының жұмыс сапасын арттыру. Бұл білікті мамандарсыз мүмкін емес. Осыдан кадрлық резерв құру туралы шешім қабылданды. Оның  міндеті - сапалы директорлар корпусын, балабақшалар мен қосымша білім беру мекемелерінің білікті басшыларын қалыптастыру, - дейді Қуаныш Қыдыралин.

Кездесуде өзекті мәселелер талқыланды. Онда бөлім басшысы жасанды интеллекттің дамуы, оның оқу процесіне әсері тақырыбын көтерді.