Павлодарда бірнеше бала балабақшада жарақат алған

Павлодарда бірнеше бала балабақшада жарақат алған
Фото: Константин Шелков

Барлық жағдайларға қатысты қызметтік тергеу жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанат Асайынова мәлім етті. Жақында ғана балабақша басшыларын жинап, балалардың жарақат алу мәселесіне арналған жиналыс өткізілген болатын. 

– Былтырдан есептейтін болсақ, ондай 20 жағдай тіркелген. Әрбір жағдайды зерттеп, қызметтік тергеу  жүргіздік. Негізі жаз кезінде балалардың жарақат алуы жиілеп кететіні рас,– деді Жанат Асайынова.

Егер де тәрбиеші тарапынан қатыгездік расталса, қызметкермен еңбек келісімшарттары бұзылады. Бұл ретте арнайы бейенебақылау камералары арқылы  білуге болады. Камералар дәретханадан басқа барлық жерде орнатылуы тиіс. 

– Мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 4329 бейнебақылау камерасы орнатылды, оның ішінде 2205 сыртқы және 2124 ішкі. Камералар жатын бөлмеде, топтарда, музыкалық және спортзалдарда, яғни дәретханадан басқа барлық жерде қойылады,– деп атап өтті Жанат Асайынова.

Оның айтуынша, ата-аналардың  кез келген уақытта бейне жазбаларды қарауға құқығы бар. Ол үшін мектепке дейінгі мекеменің басшылығына жүгінуі керек. 

Айта кету керек, қалалық білім беру бөлімінде сенім телефоны жұмыс істейді-32-19-21. Не болмаса, бөлімнің басшысына  8 (775) 32-79-685 нөмірі арқылы тікелей хабарласуға болады.

Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасы буллинге қарсы жол бермеу мақсатында жедел желіні іске қосты. Жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылық немесе қорлық көрсетілгені туралы 8 (701) 07-07-546 WhatsApp нөмірі арқылы хабарлауға болады.

Еске сала кетейік, «Самал» оңалту орталығының тәрбиешісі мен оның көмекішісі балаларға дөрекілік танытқаны үшін жұмыстан шығарылған  болатын.