Павлодарда дәрігерлер МӘМС арқылы зейнеткердің тізесіне тегін ота жасады
Науқас хирургиялық араласудан кейінгі келесі күні-ақ аяғынан тік тұрып жүре бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың травматология-ортопедия бөлімшесіне Ақсу қаласының тұрғыны жоспарлы түрде түскен. Дәрігерлер пациентке МӘМС жүйесі аясында оң жақ тізе буынын эндопротездеу отасын тегін жүргізді.
Бұған дейін, 4–5 жыл бұрын осы ауруханада науқастың сол жақ тізесіне дәл осындай ота жасалған болатын.
– Пациент біздің бөлімшеге жоспарлы түрде түсті, біз оған ота жасадық. Яғни, тізе буынын алмастырдық. Бұған дейін науқас 4–5 жыл бұрын сол жақ тізесін алмастырған. Енді оң жақ тізе буынына эндопротез жасадық. Бұның барлығы МӘМС арқылы тегін жасалды. Яғни, портал арқылы келіп, ота жасадық. Қазіргі кезде жағдайы жақсы, үйге қайтып, әрі қарай амбулаториялық ем қабылдауға дайындалып жатыр, – деді травматолог-ортопед Бауыржан Ерғазинов.
Сәтті жасалған отадан кейін пациент үйіне шығарылды.
– Менің тізем ауырғалы 3–4 жылдай болып қалды. Содан бері аяғым ауырып, қоймай, Павлодарға жазылдым. Өзім Ақсуда тұрамын. Ота өте сәтті болды, барлығын тегін жасап берді. Дәрігерлеріме рахмет! Алдыңғы бір аяғым да жақсы болған, міне, оң аяғым отадан кейінгі ертеңінде-ақ басып, жүріп кеттім, – деді пациент Салмен Жухан.
Еске сала кетейік, зейнеткерлер МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санатқа жатады. Олар үшін медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді.