Павлодарда демеушілер бұқаралық спортты дамытуға қаражат салды
Сондай-ақ, қала аулалары мен балалар алаңдары салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы әкімі Хасар Хабылбеков «PVL Development» ЖШС-мен демеушілік көмек көрсету бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
– Келісімге сәйкес «PVL Development» ЖШС 200 миллион теңге көлемінде демеушілік қаражат бөледі. Оның 100 миллион теңгесін қала аулаларында 6 балалар ойын алаңын және 1 спорт алаңын салуға жұмсаймыз. Қалған 100 миллион теңге бұқаралық спортты дамытуға бағытталады,– деп жазды қала әкімі өзінің Instagram парақшасында. – Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында бизнестің алатын орны маңызды. Кәсіпкерлеріміз әлеуметтік жауапкершіліктерін танытуда.
«PVL Development» ЖШС қазіргі кезде көппәтерлі «ERTIS» тұрғын үй кешенін салуда. Кешен аумағында ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңы, тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау камералары орнатылады. Жер асты автотұрағы жабдықталады.