Павлодар ауылында отыз көшеге асфальт төселді

Павлодар ауылында отыз көшеге асфальт төселді
Фото: Аяужан Жетес

Павлодар облысындағы Павлодар ауылында биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елді мекеннің 30 көшесіне асфальт төселіп, жалпы ұзындығы 13,5 шақырым жол жөнделді. Жобаға 767 миллион теңге бөлінді.

Жұмыстарды екі мердігер ұйым төрт лот бойынша атқарды. Оның үшеуін «КДС» компаниясы, бір лотты «Павлодар жолдары» жүзеге асырды.

Облыс әкімі Асайын Байханов ауылға жұмыс сапары барысында жаңартылған көшелердің жағдайымен танысты. Павлодар ауылының әкімі Ұнат Аманбектің айтуынша, биыл асфальт төселген учаскелердің қатарында бұған дейін асфальт жол болмаған көшелер де бар.

– Қазір біз тұрған Ердей және Пушкин көшелерінің қиылысында бұрын-соңды асфальт жол болған емес. Бұл ауыл тұрғындарының ең үлкен өтініштерінің бірі еді, – деді ауыл әкімі.

Павлодар ауылында бүгінде 76 көше бар, оның 52-сі асфальтталған. Қалған 14 көшені жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізіліп жатыр. Оларды жөндеу келесі жылға жоспарланған.

Асайын Байханов ауылдағы жол жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Павлодар ауылы – облыстағы ірі елді мекендердің бірі. Мұнда ресми мәлімет бойынша шамамен 6,8 мың адам тұрса, бейресми тұрғындар саны 8 мыңға жуықтайды.

– Бұл – болашағы зор ауыл. Қалаға жақын орналасқан, өзіндік экономикасы қалыптасқан елді мекен. Сондықтан мұндай ірі әрі халық саны өсіп келе жатқан ауылдарға инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті қаражатты қарастыру маңызды, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де талқыланды. Соның бірі – балабақшаға деген қажеттілік.

Қазіргі балабақша толықтай толған, сондықтан кезекті азайту үшін жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Қазір оның орналасатын жері қарастырылуда.

Ауыл әкімінің айтуынша, жаңа балабақша «Новостройка» деп аталатын жаңа шағынауданда салынуы мүмкін. Бұл аумақта егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы аяқталғаннан кейін шамамен 1000 жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жаңа шағынауданда мектеп пен балабақша салу қарастырылған.

Асайын Байханов нысанның орнын анықтау кезінде тұрғындардың пікірін ескеріп, халықпен алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызын атап өтті. Жоспар бойынша құрылысты келесі жылы бастау мүмкіндігі қарастырылып, нысанды 2028 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, ауылда электр жарығымен қамту мәселесі толық шешілген. Ауыл әкімі елді мекендегі көшелерді абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.