Павлодарда энергия компаниясының атын жамылған алаяқтар көбейді
Белгісіз тұлғалар тұтынушыға телефон соғып, үйге электр монтері келетінін айтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлықтарға «қалалық электр желісі» немесе «энергоорталық» маманымыз деп хабарласып, жеке деректерді иемденгісі келетін алаяқтар белсенді түрде қоңырау шала бастады. «ПЭТК» АҚ басшылығы мұндай атаулы бөлімшелердің кәсіпорын құрылымында жоқ екенін айтып, тұрғындарды сақ болуға шақырды.
– Қылмыстық схема бойынша, белгісіз тұлғалар тұтынушыға телефон соғып, үйге электр монтері келетінін хабарлайды. Кейін «қызметкерді сәйкестендіру» немесе «өтінімді растау» сылтауымен ұялы телефонға СМС-пен келген кодты айтуды сұрайды. Дәл осы сандық кодты иемдену – алаяқтардың басты мақсаты, – деді мамандар.
Энергетиктердің айтуынша, компания қызметкерлері ешқашан телефон арқылы СМС-код сұрамайды. Есепке алу құралдарын тексеру және көрсеткіштерді алу үшін бақылаушылар әрқашан жеке келеді. Олардың өзімен бірге арнайы қызметтік куәлігі болуы шарт.
– Егер тексеру кезінде үй иесі орнында болмаса, мамандар хабарландыру қалдырып кетеді. Тіпті есептеуіш құралы сыртқы қалқанда орналасса да, тексеру процесіне тұтынушының өзі қатысуы міндетті, – делінген хабарламада.
Күдікті жағдай орын алса немесе тексеру уақытын нақтылау қажет болса, тұтынушыларға төлем құжатында көрсетілген ресми байланыс нөмірлеріне хабарласу ұсынылады. Мамандар кез келген ақпаратты телефон арқылы емес, тікелей учаскеге хабарласып тексеру керектігін ескертеді.