Лесозаводта электр желілері жер астына көшіріліп жатыр

Лесозаводта электр желілері жер астына көшіріліп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодарда электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Павлодарлық ЭТК» АҚ қаланың бірқатар ауданындағы электр желілерін қайта құруда.

Жобаның негізгі мақсаты – электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру, апаттық жағдайлардың алдын алу, жарықтың өшуін азайту және жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қосуға қажетті қуат резервін қалыптастыру.

Қазіргі таңда Лесозавод шағын ауданында 6 шақырымнан астам электр желісін жаңарту қажет. Мұндағы жұмыстардың басты себебі – шағын ауданның қарқынды дамуы. Бұған дейін тартылған 10 кВ әуе желісінің бір бөлігі бүгінде жеке тұрғын үйлердің аумағында қалып қойған.

— Уақыт өте келе қолданыстағы 10 кВ әуе желісінің көп бөлігі жеке құрылыстардың ортасында қалып қойды. Бұл электр желілерінің қорғау аймақтарына қойылатын талаптардың бұзылуына және қауіпсіздікке қауіп төндіреді, – дейді «Павлодарлық ЭТК» АҚ қалалық электр желілері кәсіпорны бас инженерінің орынбасары Юрий Волошанин.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылыс салынған аумақтағы әуе желілері жер астына көшіріліп жатыр. Жоспарланған 5 134 метрдің қазіргі таңда 4 450 метріне кәбіл төселген.

Сонымен қатар, ескі жалаңаш сымдар қауіпсіздігі жоғары оқшауланған сымдарға ауыстырылуда. Жоспарланған 2 300 метрдің 1 600 метрі орнатылды. Бұдан бөлек, үш жаңа 10/0,4 кВ жиынтық трансформаторлық қосалқы станция салу және 10 кВ сыртқы орнатуға арналған жиынтық тарату құрылғысын монтаждау көзделген.

Осыған ұқсас жұмыстар Екінші Павлодар шағын ауданында да жүргізіліп жатыр. Мұнда электр желілері кешенді түрде қайта жаңғыртылуда. Ескі желілер оқшауланған сымдарға ауыстырылып, әуе желілерінің бір бөлігі жер асты кәбілдік трассаларына көшірілуде.

Мамандардың айтуынша, жобаның толық аяқталуы тұрғын үйлер орналасқан аумақтардың қауіпсіздігін арттырып, Павлодардағы қазіргі тұтынушыларды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жұмыстар болашақта салынатын нысандарды электр желісіне қосуға қажетті мүмкіндікті кеңейтеді.

Электр желілерін қайта құру жұмыстары Павлодармен қатар Ақсу қаласы мен Павлодар облысының Баянауыл ауданында да жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, Баянауыл ауданында электр желілерін салу және жаңғыртуға бағытталған екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың бірі – Ақсаң ауылдық округінде, екіншісі Баянауыл ауылында іске асуда. Екі жобаның жалпы құны 2 миллиард 254 миллион теңгені құрайды. Қаражат облыстық бюджеттен бөлінген.