Павлодарда екі жасар бүлдіршін қайнаған судан күйік алды

Павлодарда екі жасар бүлдіршін қайнаған судан күйік алды
Фото:pixabay.com/Three-shots

Ол облыстық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қатты аяздардың басталуымен Павлодардағы «103» қызметіне үсікке байланысты шақыртулар көбейе түсті.

Өткен сенбі күні тоғыз жасар балаға медициналық көмек қажет болды. Ол тізе буынын соғып алып, екі қолының саусақтары үсіп қалған. Бала облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жеткізілді. Тағы бір жағдайда «үсік» диагнозы 47 жастағы ер адамға қойылды. Ол қол саусақтарын үсітіп алып, қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

– Үсік – маусымдық шақыртулардың себебі болса, ал күйікке байланысты біздің медициналық бригадаларымыз күн сайын дерлік шығады, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Көбінесе бұл – қайнаған судың немесе сорпаның төгілуінен болатын күйіктер. Мұндай жағдайларда ересектер де, балалар да зардап шегеді. 

Мәселен, өткен жұма күні Павлодар қаласында екі жасар қыз бала қайнаған судың төгілуінен күйік алған. Кеуде тұсы аймағындағы тері жамылғысының тоғыз пайыз зақымдануымен ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ал тағы бір жағдайда Атамекен кентінде 43 жастағы ер адам қайнаған суға күйіп, I–II дәрежелі күйік алды. Ол қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. 

Үсіктің алдын алу үшін «қабаттап киіну» қағидатын ұстану қажет – киім қабаттарының арасындағы ауа жылуды жақсы сақтайды. Құлақ, мұрын және қол саусақтарын міндетті түрде жабу керек. Егер тері бозарып кетсе, зақымданған жерді қармен, спиртпен немесе қатты матамен ысқылауға болмайды. Бұл теріні одан әрі зақымдайды. Жылы жерге кіріп, біртіндеп жылыну қажет. 

Күйіктің алдын алу туралы айтқанда, ең алдымен ас үйде қауіпсіз жағдай жасау маңызды. Медицина қызметкерлері кастрөлдер мен табалардың тұтқаларын қабырға жағына қаратып қоюды ұсынады, сонда бала қолы жетіп, аударып алмайды. Сонымен қатар, баланы қолда ұстап тұрып, ыстық сусындар мен сорпаны ішуге болмайды. Егер күйік алған жағдай орын алса, зақымданған жерді 15–20 минут бойы салқын ағынды судың астында салқындату қажет. Жаңа күйікке май, қаймақ, тіс пастасы немесе спирт жағуға болмайды. Бұл тіндердің ішінде жылуды ұстап қалатын қабықша түзіп, күйіктің тереңдеуіне әкеледі.