Павлодарда «Жігіт сұлтанын» таңдайды
Байқаудың бас жүлдегері «Жігіт сұлтаны» атағына ие болады және 300 мың теңге сыйақымен марапатталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы басшысының м.а. Дулат Құрманбаевтың айтуынша, байқау 15 маусым күні сағат 11:00-де «Шаңырақ» орталығында өтеді. Оған 18-30 жас аралығындағы талантты да талапты, білекті де жүректі, мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастар қатыса алады.
– Кастингтен өткендер бір ай бойы әртүрлі бағытта дайындалып, өнерін шыңдайды. Оның ішінде ат спортына, спортқа қатысты дайындықтар болады. Бір айдан кейін финал Май ауданында өтеді. Түске дейін ұлттық спорт бойынша бәсекеге түседі, түстен кейін гала концертте қолөнер және басқа да бағыттар бойынша сынға түседі, – дейді Дулат Құрманбаев.
Кастингте үміткерлер «Таныстыру», «Өнер көрсету», «Салт-дәстүр, тарих тақырыптарынан сұрақ-жауап», «24 келілік кір тасын көтеру» секілді төрт кезеңде бақ сынайды.
Кастингте үздік шыққан 12 үміткер финалдық кезеңге жолдама алады.
Өтінімдер 10 маусымға дейін 8 (771) 355 95 88 телефон нөмірі бойынша WhatsApp нөмірі арқылы қабылданады.