Павлодарда Ертіс үстінен салынып жатқан жаңа көпір құрылысы жартылай аяқталды

Павлодарда Ертіс үстінен салынып жатқан жаңа көпір құрылысы жартылай аяқталды
Фото: Константин Шелков

Қазіргі уақытта нөлдік деңгейден төмен орналасқан жұмыстардың басым бөлігі аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар-Успен–Ресей шекарасы» автокөлік жолының 1381-шақырымында салынып жатқан Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаны «Казахдорстрой» ЖШС жүзеге асыруда.

Биылғы жылы жоспарға сәйкес төрт аралық тірек толық аяқталып, көпірдің пролеттік құрылысы басталды. Ағымдағы жылға жоспарланған 184 метр пролеттік құрылымның 152 метрі орындалған. Бұдан бөлек, салынуы тиіс төрт пилонның екеуі тұрғызылды.

Сонымен қатар көпір өткелінің жол бөлігінің жер төсемі де салынуда. Бүгінгі таңда 475 мың шаршы метр топырақ төселді. Бұл жобалық көлемнің 56 пайызын құрайды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» басшысының орынбасары Алексей Логвиненконың сөзінше, көпір құрылысы 52 пайызға дайын.

– Қазіргі таңда көзге көрінбейтін, нөлдік деңгейден төмен орналасқан жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Барлығы алты тірек – төрт аралық және екі жағалық тірек толық тұрғызылды. 691 метрлік пролеттік құрылымның 184 метрі дайын. Бұл – болашақта автокөліктер жүретін негізгі көпір бөлігі , – деді ол.

Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір облыс үшін стратегиялық маңызы бар нысан саналады. Оның пайдалануға берілуі өңірдің көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартады.