Павлодар әуеайлағының техникалық жай-күйі тексерілді

Павлодар әуеайлағының техникалық жай-күйі тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елімізде барлығы алты әуежайдың жағдайы пысықталды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әуежайларды әуеайлақтардың техникалық жай-күйі мен ұшуларды қамтамасыз ету қажеттілігі тұрғысынан тексеру нәтижелері қаралды.

–  «AZAL әуе компаниясы ұшағының апаты салдарынан басталған тапсырмаңызға сәйкес, Астана, Павлодар, Алматы, Ақтау, Шымкент, Өскемен әуежайларын әуеайлақтардың техникалық жай-күйі және ұшуды қажетті қамтамасыз ету тұрғысынан басымдықпен тексердік, – деді «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду өз баяндамасында.

Сонымен қатар ол Air Astana, SCAT, Qazaq Air, FlyArystan алты тұрақты әуетасымалдаушының 71 азаматтық әуе кемесіне перрондық тексеру жүргізілгенін, 686 әуе компаниясы ұшқышының дайындығы мен ұшу алдындағы бақылауына талдау жасалғанын атап өтті.  

Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, авиациялық қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда азаматтық авиацияның негізгі субъектілерін жоспардан тыс тексеру жалғасуда. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, ұшу қауіпсіздігі деңгейі 74%-дан 82%-ға дейін көтерілген.

Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтау қаласының маңындағы ұшақ апатынан кейін авиациялық қауіпсіздікті күшейту, оның ішінде жоспардан тыс тексеру жүргізу бойынша бірқатар тапсырма берген болатын.