Павлодарда Ertis Promenade маусымының жабылуы өтпейді
Шешім Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 26 қыркүйекке жоспарланған Ertis Promenade жазғы маусымының жабылуына арналған іс-шара өткізілмейді.
Бұған дейін Pavlodarnews.kz маусымның қорытынды концертінде Мирас Жүгінісов, ALPHA, DARICORN, Rahman Sati, Максим, Lүriq және Jay Sean өнер көрсететінін жазған болатын. Кеш соңында мерекелік отшашу жоспарланған еді.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар жабылу кешіне қосымша LED-экрандар орнатып, дыбыс жабдықтарын күшейтуді және арнайы жарық шоуын өткізуді жоспарлаған.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болып, әскери қызметшілер қаза тапты. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.