Павлодарда Ертіс өзенінің жайылуына қандай дайындық шаралары қабылданды?
Орталық жағалауда су басуға қарсы жұмыстармен коммуналдық қызметтер айналысып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығының төменгі жағалауында құм толтырылған қаптар қойылды. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл су тасқынына қарсы іс-шаралар болып табылады. Мамандар 1,5 мың қап құм қорын дайындады.
– Биылғы жылы су жіберу көлеміне байланысты Ертістегі су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда көбірек көтеріледі деп күтілуде. Қалаға қауіп төніп тұрған жоқ,– деді қала әкімдігінде.
Еске сала кетейік, Павлодар облысының аумағына табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін судың болжамды көлемі шамамен алты текше метр шақырымды құрайды. Жайылма алқабының кемінде 70-75% су басады, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.