Павлодарда есірткі саудасымен айналысқан отбасы мүшелері сотталды

Павлодарда есірткі саудасымен айналысқан отбасы мүшелері сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қылмыстық топтың 300  келіден астам көкнәрі жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мәлімдеді. 

— Қылмыстық істі ұйымдастырушы тұтас бір отбасылық схеманы жолға қойған. Есірткіні жеткізу, сақтау, бөліп өлшеп орау және сатумен оның туыстары айналысқан. Тінту барысында көкнәрдің ірі көлемдегі партиялары тәркіленді. Сондай-ақ заңсыз бизнестен түскен табысқа үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлік сатып алынғаны анықталды, - делінген хабарламада.

Сот ұйымдастырушы мен оның екі сыбайласын 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді, ал құрамында есірткі қоспасы бар 321 келі көкнәр жойылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.