Павлодарлық «Жыл мұғалімі-2023»: Балалармен бір толқында болу керек
Мұғалімдер үшін мерекеге орай концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығында Ұстаздар күніне орай талай жылдар бойы мектепте балаларға білім нәрін берген ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті. Оған қала әкімі Хасар Хабылбеков қатысып, ұстаздардың еңбегі үшін алғысын айтты.
– Бұл барша халыққа ортақ мереке. Тәуелсіз елімізде ұстаз еңбегін бағалау заңдылық деп білемін. Барлығыңызға шын жүректен зор денсаулық тілеймін, ойлаған армандарыңыз орындалып, жұмыстарыңыз жемісті болсын деп, – деді Хасар Хабылбеков.
Ол «Алтын есімдер» кітабына енгізілген мұғалімдерді сертификаттармен марапаттады. 1998 жылдан бастап кітапқа 64 мұғалімнің есімі енгізілген болатын.
Концерт барысында дәстүрлі «Жыл мұғалімі» және «Үздік мектепке дейінгі ұйым педагогі» қалалық сайысынан сүрінбей өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан, сайыскер ұстаздарды марапаттады. Қалалық «Жыл мұғалімі-2023» конкурсының үшінші орында Жұмабек Тәшенев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әйгерім Хамитова, екінші орынды Шапық Шөкин атындағы мектептің тарих мұғалімі Дәуіржан Күлжанов атанса, бірінші орынды № 2 мектептің тарих мұғалімі Қанағат Ерғалиев ие болды.
«Жыл мұғалімі-2023» байқауының Бас жүлде иегері Кенжекөл мектебінің орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Марат Жұмабеков атанды.
– Мен өзім мұғалімдер әулетінен шықтым. Әкем, анам, әжем – ұстаздар. Балам да мұғалім мамандығына оқып жүр, – деді Марат Жұмабеков. – «Ұстаз болу ер адамдарға тән мамандық емес деп» айтады, бірақ мен олай деп санамайын. Мұғалім мамандығының ең қызықтысы бұл – балалар.
Оның пікірінше, қазіргі кезде балалардан көп нәрсеге үйренуге болады.
– Оқушыларыммен араласқан кезде өзіңе бір жаңа ой түйесің. Олар пластилин сияқты, себебі болашақта кез келген фигураны жасап шығаруға болады. Балалармен бірге бір толқында болсақ, бізге де жақсы. Осыған талпынуымыз керек, – деп санайды ұстаз.
Тәрбиешілердің де ерең еңбектері бағаланып, «Үздік мектепке дейінгі ұйым педагогі – 2023» қалалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Үшінші орын иегері № 11 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Антонина Шайхина алса, екінші орын № 10 сәбилер бақшасы «Zamanstar» білім беру дамыту орталығының тәрбиешісі Әсем Балтабаеваға бұйырды. Ал №8 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Кабей Жайнагүл бірінші орынға ие болды.
Марапаттау рәсімі барысында шығармашылық топтар өнер көрсетіп, оқушылар мұғалімдерге арнап көріністер қойған болатын.