Павлодарлық оқушылар жол қауіпсіздігін ойын арқылы меңгерді

Павлодарлық оқушылар жол қауіпсіздігін ойын арқылы меңгерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығында жас жол инспекторларының қалалық слеті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Интерактивті іс-шара мектеп оқушыларын, тәртіп сақшыларын, медицина қызметкерлерін және педагогтардың басын біріктіріп, ойын форматында жол қауіпсіздігі ережелерін бекітуге мүмкіндік берді.

– Қатысушыларды жалықтыратын дәрістердің орнына ұйымдастырушылар оқушылар үшін танымдық квест әзірледі. Командалар тақырыптық бекеттер бойынша жүріп, нағыз сынақтардан өтті. Яғни, жарақат алғандарға жедел алғашқы көмек көрсетті, жол қозғалысы ережелері мен жол белгілері бойынша викторина сұрақтарына мүдірмей жауап берді, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылардың басты мақсаты — балалардың жолдағы қауіпсіздігін сақтау мәдениетін қалыптастыру болды. Интерактивті формат өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ойын арқылы оқушылар ережелерді әлдеқайда жақсы меңгерді. Бұл қала көшелеріндегі қауіп-қатерді азайтуға тікелей ықпал етеді.

Тартысты бәсекеде 1-орынды Қ.Бекқожин атындағы мектептің «Сұңқар» командасы иеленсе, 2-орынды №11 мектептің «Stopline» командасы мен Ш.Шөкин атындағы мектептің құрама командасы өзара бөлісті. Ал жүлделі 3-орынды бірден үш мықты команда иеленді. Олар - №40 мектептің «Қыран», №35 мектептің «Жас жол сақшылары» және Р.Нұртазина атындағы мектептің «Дорожный патруль» командасы.